Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Qasqa Jol YouTube-арнасына берген сұхбатында елдегі басқару жүйесіне қатысты өткір пікірін білдірді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Депутаттың айтуынша, Жолдау кезінде кейбір шенеуніктердің ұйықтап отырғанына қарап-ақ, ертеңгі күні сол Жолдаудың орындалуы бойынша есеп бергенде не айтатыны белгілі болады. Бұл – жүйенің дұрыс жұмыс істемей тұрғанының бір көрінісі.
«Меніңше, елімізде болып жатқан әрбір мәселені Президенттің жеке өзі бақылап, тапсырма беріп отыруы – дұрыс емес. Әр лауазым иесі өзіне жүктелген міндетті адал әрі жауапкершілікпен атқарса, Мемлекет басшысы ұсақ-түйекке дейін араласуға мәжбүр болмас еді. Елді бір отбасы деп елестетсек, әке – табыс табумен, ал ана – бала тәрбиесімен айналысады. Бәрінің өз рөлі бар. Ал бізде бұл жүйе Назарбаев дәуірінде диктаторлық сипатта қалыптасып қалды. Соның салдары әлі де сезіледі», – деді ол.
Зайытов мысал ретінде туризм саласын келтірді. Президент осы саланың дамымай отырғанын сынға алып, жауапты тұлғаларға қатаң тапсырма бергеннен кейін ғана министрлер мен вице-премьерлер Алакөлге барып, мәселені талқылай бастағанын айтты.
«Олар Президенттің айтқанын күтіп отырмай-ақ, өздігінен бастама көтере алмай ма? Неге бәрі тек жоғарыдан пәрмен түскен соң ғана қозғалады?» – деп ашына сөйледі депутат.
Сондай-ақ, ол Жолдауда қозғалған инвесторларға жағдай жасау және активтерді қайтару мәселесіне де тоқталды. Оның пікірінше, бұл бағыттағы жұмыстар сәтсіз жүріп жатыр.
«Активтерді қайтару жөніндегі комиссияның жұмысы ойдағыдай болмады. Нәтижесіз болғандықтан атауы да өзгертілді. Бұл – Үкіметтің әлсіздігі. Бізде ескі әдет қалған: есеп бергенде тек жақсыны айту керек деген түсінік. Ал шын мәнінде, кез келген істің кемшілігін ашық көрсету маңызды. Өйткені «ауруын жасырған өледі». Міне, осы қағидатты Ақордадан бастап, барлық министрлік пен квазисектор мекемелерінің қабырғасына жазып қою керек», – деді халық қалаулысы.
Зайытовтың айтуынша, жүйені өзгертудің басты жолы – әрбір мемлекеттік қызметкердің өз міндетіне адал болуы және проблеманы жасырмай, ашық айтуы. Сонда ғана Президент барлық салаға жеке-жеке араласпай, елде жауапкершілігі нақты бөлінген жүйе қалыптасады.