Саяси кезеңнің жаңа парағы жаңа оқу жылындай қыркүйектен басталатыны соңғы жылдары қоғам үшін үйреншікті жағдайға айналып келе жатыр. Күз жақындап келеді, соған сәйкес жаңа саяси кезең таяп келеді. Әдетте жаңа саяси кезеңнің шымылдығын Президент дәстүрлі жолдаумен ашады. Бәріміз былтырғы «Әділетті Қазақстан: құқық үстемдігі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» жолдауын мұқият ұйып тыңдадық. Жолдаудағы тапсырмалар қаншалықты орындалды? Бұл туралы сарапшы өз пікірін білдірді. Ozgeris.info тілшісі шолу жасайды.
2025 жылдың алғашқы жартысында еліміздің экономикасы 6,2%-ға өскен. Бұл – жай сан емес, теңгерімді даму мен әртараптандырудың нәтижесі.
Жаңа өндірістер ашылып, жаңа жұмыс орындары құрылуда. Биылдың өзінде 196,3 млрд теңгеге 47 жоба іске қосылып, 2,9 мың қазақстандық жұмысқа орналасқан.
Ауыл шаруашылығы да жәймен алға ілгерілеп келеді. 2025 жылдың қаңтар-маусым айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,8 трлн теңгені құраған.
Шағын және орта бизнес те дамып келеді. Бүгінде елімізде 2 миллионнан астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді екен. Әрбір ашылған шағын кәсіпорын – жаңа мүмкіндік, жаңа жұмыс орны, жаңа табыс көзі.
Цифрландыру саласы да ерекше қарқын алып келеді. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтердің 91%-ы электронды форматта қолжетімді. Азаматтар смартфон арқылы ешқайда бармай-ақ 38 түрлі цифрлық құжатты пайдалана аламыз.
Әлеуметтік салаға да көңіл бөлініп отыр. Ауылдық жерлердің инфрақұрылымын жаңғырту үшін биыл 177 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Нәтижесінде елді мекендердегі жол, инженерлік желі, әлеуметтік нысандар жаңарып жатыр. Қазір ауылымның шетіндегі 2-3 ақ үй тұратын көшесінің өзіне су тартып, көшесін асфальттеп, жарық тартып тастаған. Ауылға барсаң, кәдімгідей көрік кіріп қалған.
Білім беру жүйесінде де үлкен қадамдар жасалып жатыр. Жыл басынан бері 13,2 мың орындық 172 балабақша ашылып, басқа мектептерді айтпағанда «Жайлы мектеп» жобасы аясының өзінде 267 мың орындық 115 жаңа мектеп салынған. Ал жоғары білім алғысы келетін жастар үшін 2025–2026 оқу жылына 94 мыңға жуық мемлекеттік грант бөлінген. Қазір әрбір 3-ші түлек грант ала алады.
Әлеуметтік төлемдер де ұмыт қалмаған, индексация арқылы олардың көлемі ұлғайған. Зейнетақы, шәкіртақы бірнеше пайызға көтерілген.
«Жолдау – жай ғана құжат емес, елдің даму жоспары. Соңғы бір жылда жарияланған бастамалардың жүзеге аса бастағанын сандар да, нақты жобалар да айқын көрсетіп отыр. Күзде тағы бір жаңа Жолдау жарияланбақ. Бұл жолғы үндеу де елдің назарын аударып, жаңа мақсаттарға жетелейтіні сөзсіз. Біз солай жылдан жылға алға жүре береміз», - деп аяқтады пікірін Айбар Олжаев.