Жаңалықтар

Жолдағы апат: Алматы-Қорғас тасжолындағы ақау бірнеше көлікті жарамсыз етті

Жолдағы апат: Алматы-Қорғас тасжолындағы ақау бірнеше көлікті жарамсыз етті

Алматы-Қорғас бағытындағы күрежолда орын алған келеңсіз жағдай әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Халық арасында "бетонка" аталып кеткен жолдың жабындысы сыр беріп, автокөліктер жаппай зардап шекті. Бұл оқиға Бәйдібек би ауылына бұрылар тұсқа жетпей болған. Жол ортасынан тікірейіп шығып тұрған қауіпті бетон кесегіне көліктер қатты жылдамдықпен соғылып жатыр, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Бейнежазбадан жол жиегінде амалсыз қаңтарылып тұрған бес шақты машинаны байқауға болады. Темір тұлпарлардың барлығы әртүрлі деңгейде зақымданған. Мәселен Jetour кроссоверінің дөңгелегі толықтай жарылып, дискісі майысқан. Ал Mercedes-Benz G-Class жол талғамайтын көлігінің жанармай багы тесілді. Сонымен қатар Hyundai седанының беріліс қорабын төменнен ұрған бетон майдың жерге ағуына әкеп соқтырды.

Тығырыққа тірелген жүргізушілер "ҚазАвтоЖол" мамандарын шақырып, 102 нөміріне қоңырау шалғанымен ешқандай нәтиже шықпады. Тіпті оқиға орнынан өтіп бара жатқан екі бірдей патрульдік полиция экипажы көмек көрсетуден бас тартқан. Тәртіп сақшылары бұл әрекеттерін уақыттың тапшылығымен түсіндірген. Қазіргі таңда осы маршрутпен жүретін барлық жолаушыларды барынша сақ болуға шақырады.

Барлық жаңалық