🏛️ Саясат

ЖИ қолданғанда жеке деректерді қорғауға мән беру керек – IT сарапшы

ЖИ қолданғанда жеке деректерді қорғауға мән беру керек – IT сарапшы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев AI & Digital Bridge – 2026 халықаралық форумында жасанды интеллектіні дамыту мен қолдануда жауапкершілік пен қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аудару қажет екенін айтты. Мемлекет басшысы технологиялардың мүмкіндігі артқан сайын оларды реттеу мен жауапты пайдаланудың маңызы да күшейетінін атап өтті, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.

"Жасанды интеллект – жаһандық құбылыс. Ешбір мемлекет оның әлеуетін жалғыз өзі толық пайдалана алмайды. Бізге халықаралық деңгейдегі білім алмасу, бірлескен зерттеулер, инвестициялар қажет. Технологиялық ынтымақтастық пен кадрлық әлеуетті дамытқан жөн. Қазақстан жасанды интеллектіні бейбіт мақсатта, қауіпсіз әрі жауапкершілікпен ілгерілетуді дәйекті түрде қолдайды. Технология адамға қызмет етіп, өркениеттің катализаторы болуы керек. Біз осы ұстанымнан айнымаймыз. Жасанды интеллект жікке бөлмеуі қажет. Технологиялық кедергілер елдердің арасын алшақтатып, дамуымызды баяулатады. Сондықтан бүгінде ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың қалыптасқан арналарын сақтау өте өзекті. Халықаралық ықпалдастыққа қатысты көзқарасымыз ұлттық мүдделерді құрметтеу және технологияны бейбіт мақсатта қолдану қағидасына негізделеді", – деді Мемлекет басшысы.

Президент жасанды интеллектінің мүмкіндігі молая түскен сайын, оның қаупі де артады деп пайымдайды.

"Киберқауіпсіздік, деректерді қорғау, ақпараттың сенімділігі, алгоритмдердің ашықтығы, қабылданатын шешімдер үшін жауапкершілік – мұның бәрі кезек күттірмей қаралуға тиіс мәселелер. Шын мәнінде, жасанды интеллектіні қазіргі заманның мықты құралы, тіпті, қаруы деп те айтуға болады. Сондықтан оның әлемдік дамуға пайда немесе зиян әкелуі ең алдымен адамзатқа тікелей байланысты болмақ", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Тоқаев өткен жылы қазақстандық IT-қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асқанын хабарлады.

Жасанды интеллектіні қолдану кезінде киберқауіпсіздік пен жеке деректердің қорғалуына ерекше мән беру қажет. Бұл туралы IT сарапшысы Нұржол Табиғат айтты.

Оның сөзінше, жасанды интеллект жұмысты жеңілдетіп, тиімді көмекші құралға айналып келеді. Алайда оның берген жауаптарының сапасы мен ақпараттың қауіпсіздігін бақылау маңызды.

«Әсіресе мемлекеттік қызметкерлер мен әлеуметтік сала қызметкерлері жеке деректермен жұмыс істеген кезде өте абай болғаны жөн. Жасанды интеллектпен жұмыс істеген кезде оған енгізілген ақпараттың басқа тараптардың қолына түсуі мүмкін екенін ескеру керек», – деді сарапшы.

Нұржол Табиғат сондай-ақ жасанды интеллект көмегімен қабылданған шешімдерді міндетті түрде тексеріп, бақылауда ұстау қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, AI нәтижелері түсінікті әрі қатаң бақылауда болуы тиіс.

Барлық жаңалық