🏛️ Саясат

Жезқазған әкімі қызметінен кететінін мәлімдеді

Жезқазған әкімі қызметінен кететінін мәлімдеді

Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов қала басшысы қызметін аяқтайтынын мәлімдеп, тұрғындарға үндеу жолдады, деп хабарлайды Ozgeris.info

Қайрат Шайжанов Жезқазған қаласының әкімі қызметіне 2022 жылғы маусымда тағайындалған.

Ол төрт жылға жуық уақыт ішінде қала тұрғындарымен бірге Жезқазғанды дамыту бағытында жұмыс істегенін атап өтті.

– Төрт жыл ішінде сіздермен бірге қаланың ыстығына күйіп, суығына тоңып, туған қаламыздың дамуы үшін шамамыз келгенше еңбек еттік. Бұл кезең мен үшін үлкен жауапкершілікпен қатар, үлкен мектеп, өмірлік тәжірибе болды. Осы уақыт ішінде талай мәселені бірге көтердік, талай бастаманы бірге жүзеге асырдық. Әрбір кездесудің, әрбір ұсыныс пен пікірдің мен үшін өз орны бар. Қолдаған жерлеріңізде қанаттанып, сынаған жерлеріңізде шыңдала түстім, – деді Қайрат Шайжанов.

Ол өзіне сенім білдіріп, қолдау көрсеткен қала тұрғындарына алғыс айтты. Сондай-ақ Жезқазғанның өзі үшін жай ғана қызмет атқарған қала емес, тағдырымен, еңбегімен және естеліктерімен байланысқан туған жер екенін жеткізді.

– Қызмет аяқталғанымен, Жезқазғанға деген жанашырлығым мен ақ тілегім ешқашан аяқталмайды. Қаламыздың дамуы жалғасын тауып, әр шаңырақта береке мен тыныштық орнасын! Жезқазғанның болашағы жарқын болсын! – деді ол.




Барлық жаңалық