Жаңалықтар

Жетісуда сатушылар жанжал шығарып, әйелді тепкіге алған (ВИДЕО)

Жетісуда сатушылар жанжал шығарып, әйелді тепкіге алған (ВИДЕО)

Жетісу облысының Ақсу ауданында қарбыз бен қауын сатушылар арасындағы жанжал төбелеске ұласты, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Оқиға кезінде әйелдердің бірі полиция қызметкерінің көз алдында бетіне тепкі алған.

Оқиға Балқаш көліне апаратын тасжолдағы Молалы айналма жолының маңында болған.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұған дейін кәсіпкерлер үшін арнайы базар ұйымдастырылған. Оның мақсаты — жол жиегіндегі ретсіз сауданы тоқтатып, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Алайда кейбір сатушылар айналма жолдың маңында сауда жасауды жалғастырған.

Жергілікті тұрғындардың сөзінше, осының салдарынан сатып алушылар жол бойындағы сауда орындарына тоқтап, арнайы базарға бармайды. Ал базарда қалған кәсіпкерлер сатып алушыларсыз қалып, жағдайды реттеуді сұрап, бірнеше рет полицияға жүгінген.

Бұл жолы сатушылар арасындағы кезекті жанжал төбелеске ұласқан. Әлеуметтік желілерде тараған кадрлардан жерде жатқан әйелдің жанжалға қатысушы басқа әйелдің тепкісіне ұшырағанын көруге болады. Сол сәтте оқиға орнында полиция қызметкері де болған.

Жәбірленуші ауруханаға жеткізілді.

Жетісу облысының полиция департаменті төбелес фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Жанжалға қатысушылардың барлығы анықталып, аудандық полиция бөліміне жеткізілді.

Барлық жаңалық