Жетісу облысында полицейлер ҰҚК департаменті мен прокуратура қызметкерлерімен бірлесіп, жасөспірімдерді тіркелмеген діни ағымға тарту фактісін тоқтатты, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Azattyq Rýhy сайтына сілтемемен.
ІІМ дерегінше, тексеріс барысында жатақхана ретінде пайдаланылып келген бөлмелерден шетелдік діни әдебиеттер мен оқу құралдары табылды. Тергеу барысында ұйымдастырушылардың бұған дейін өздерін қайырымдылық қоры немесе балалар пансионаты ретінде көрсетіп, жасырын сабақтар өткізгені анықталды.
Айта кетсек, Талдықорған қалалық соты осы жылдың наурыз айында мұндай жалған қайырымдылық ұйымдарын мәжбүрлі түрде тарату туралы шешім шығарған еді.
Тексеру қорытындысы бойынша:
- кәмелетке толмағандарды заңсыз діни сабақтарға қатыстырған ұйымдастырушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды;
- тіркеусіз тұрған төрт «ұстазға» қатысты әкімшілік хаттама толтырылды;
- балаларын бақылаусыз қалдырған ата-аналар әкімшілік жазаға тартылды;
- ата-анасы өзге өңірде тұратын бір жасөспірім Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.
Қазіргі уақытта бұл іс бойынша қосымша тексерулер жүргізіліп жатыр. Олардың нәтижесіне сәйкес процессуалдық шешім қабылданатын болады.
Полиция өкілдері жасөспірімдерді заңсыз діни оқыту – заңды өрескел бұзу екенін және мұндай әрекеттер үшін қатаң жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.