📰 Сарапшылар пікірі

Жеті жылда заң қалай өзгерді: Құрылтай депутаты «Заң мен тәртіп» қағидатын бағалады

Жеті жылда заң қалай өзгерді: Құрылтай депутаты «Заң мен тәртіп» қағидатын бағалады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеті жылдық президенттік кезеңінде Қазақстанда заң үстемдігін қамтамасыз ету, сот жүйесін жаңғырту және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында бірқатар реформа жүргізілді. Конституциялық Сот құрылып, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты заңнама күшейтілді.

Бұл өзгерістер қоғамдағы құқықтық мәдениетке қаншалықты ықпал етті? «Заң мен тәртіп» қағидаты іс жүзінде қалай жүзеге асып жатыр және қандай мәселелер әлі де шешімін тапқан жоқ? 

Ozgeris.info редакциясының осы тәрізді сауалдарына Құрылтай депутаты, Respublica партиясының өкілі Екатерина Смолякова жауап берді.

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеті жылдық президенттік кезеңіне көз жүгіртсек, «Заң мен тәртіп» қағидаты іс жүзінде қалай жүзеге асты деп бағалайсыз?

- Меніңше, осы жеті жылда ең маңызды өзгерістердің бірі – заңның бәріне бірдей болуы керек деген талаптың күшеюі. «Заң мен тәртіп» тек құқық бұзған адамды жазалау деген сөз емес. Бұл азаматтың өз құқығын қорғай алуы, мемлекеттік органның да заң алдында жауап беруі, қоғамда ортақ ереженің болуы.

Осы тұрғыдан алғанда, нақты өзгерістерді көріп отырмыз. Әкімшілік әділет енгізілді, Конституциялық Сот жұмысын бастады, әйелдер мен балаларды қорғауға қатысты заңдар күшейтілді. Қоғамдық қауіпсіздікке, жолдағы тәртіпке, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа көзқарас та өзгерді. Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы заңдар әзірленді.

Президент биыл 18 маусымда: «Заң мен тәртіп қағидатын ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналдыруымыз керек», деді. Меніңше, бұл өте дәл айтылған. Заң - тек полиция немесе сот талап ететін ереже емес қой. Заңды сақтау күнделікті әдетке айналуы қажет.

- Осы жеті жыл ішінде Қазақстанда заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытында қандай нақты өзгерістер болды? Сіз ең маңызды деп санайтын реформалар немесе заңдар қайсы?

- Соңғы жеті жылдағы өзгерістерді бір-екі заңмен шектеуге болмайды. Бұл кезеңде саяси жүйеден бастап сот жүйесіне дейін бірқатар маңызды реформалар жүргізілді.

Ең алдымен, конституциялық реформаны атап өтер едім. Соның нәтижесінде Парламенттің рөлі күшейді, Конституциялық Сот құрылды, сайлау жүйесі өзгерді, Мәжіліс пен мәслихаттарға депутаттарды сайлаудың аралас жүйесі енгізілді. Саяси партияларды тіркеу рәсімі де жеңілдетілді.

Жергілікті басқаруда да өзгеріс болды. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау енгізілді. Кейін бұл тәжірибе аудан әкімдерін сайлауға дейін кеңейді. Президенттің айтуынша, соңғы үш жылда ауыл әкімдерінің корпусы 72 пайызға жаңарған, ал пилоттық кезеңде облыстық маңызы бар аудандар мен қалалардың 45 әкімі сайланды.

Сот-құқық саласында Конституциялық Соттың құрылуы мен кассациялық соттардың енгізілуін маңызды қадам деп санаймын. Адамның өз құқығын қорғау мүмкіндігі кеңеюі керек. Мемлекеттік орган да, лауазымды тұлға да қабылдаған шешімі үшін жауап бере алуға тиіс.

Бұған қоса, әйелдер мен балаларды қорғауға арналған заңнаманың күшеюі, адам саудасына қарсы заңнаманың жетілдірілуі, қоғамдық бақылау тетіктерінің енгізілуі сияқты өзгерістер бар. Яғни реформалардың барлығын бір ғана саламен байланыстыру дұрыс емес. Негізгі мақсат біреу – мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынасты ашық әрі әділетті ету.

- Қоғамдық қауіпсіздікті күшейту бағытында қабылданған қандай шешімдерді ерекше атап өтер едіңіз? Олардың нәтижесі қазір байқалып отыр ма?

- Нәтижені нақты көрсеткіштерден көруге болады. 2025 жылдың қорытындысында елде тіркелген қылмыстар саны 6 пайызға азайды. 2026 жылдың бірінші жартысында қылмыс деңгейі тағы 10 пайызға төмендеді. Қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтар осы жылдың алғашқы алты айында 19 пайызға азайған. Бұл Үкімет жариялаған ресми мәлімет.

Жол қауіпсіздігінде де өзгеріс бар. 22 қыркүйекте Үкімет отырысында Ішкі істер министрі жол-көлік оқиғалары 5 пайызға, қаза болғандар 15 пайызға, зардап шеккендер 6 пайызға азайғанын хабарлады.

Бірақ осы сандарға қарап, мәселе шешілді деуге болмайды. Қауіпсіздік саласында бір ғана әлсіз жердің өзі адам өміріне әсер етуі мүмкін.

Біз Respublica-да осы мәселеге кеңірек қараймыз. Вейпке тыйым салу, букмекерлік қызметті шектеу сияқты бастамаларға қатысуымыздың себебі де осы. Құқық бұзушылық болғаннан кейін ғана әрекет етпей, оның алдын алу маңызды. Партияның ресми есебінде осы екі бағыттағы заңнамалық жұмыс та көрсетілген.

- Соңғы жылдары әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жауапкершілікті қатаңдату бағытында бірқатар заңнамалық өзгеріс қабылданды. Бұл өзгерістер «Заң мен тәртіп» қағидатының жүзеге асуына қаншалық ықпал етті?

- Бұл жерде өте маңызды өзгеріс болды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықты «отбасының ішкі мәселесі» деп қарауға болмайтыны заң деңгейінде анық көрсетілді.

2024 жылғы 15 сәуірде әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заң қабылданды. Қылмыстық кодекске денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу туралы жеке баптар енгізілді. Бұл нормалар 2024 жылғы 16 маусымнан бастап қолданыла бастады.

Нәтижеге келсек, 2026 жылдың бірінші жартысында отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар 7 пайызға азайған. Осы кезеңде 45,1 мың құқық бұзушы жауапқа тартылған.

Бірақ мен үшін ең маңызды көрсеткіш тек қанша адам жазаланғаны емес. Әйел көмек сұрағанда қорған таба ма? Бала қауіпсіз ортада өмір сүре ме? Полиция дер кезінде әрекет ете ме? Заңның шын мәнінде жұмыс істеп тұрғанын осыдан көреміз.

- «Заң мен тәртіп» тек жазаны күшейту немесе құқық бұзушылықпен күресу емес, азаматтардың заңға деген сенімімен де байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, соңғы жеті жылда қоғамның құқықтық мәдениеті мен заңға көзқарасында өзгеріс болды деп айта аласыз ба?

- Меніңше, өзгеріс бар. Адамдар өз құқығы туралы көбірек айта бастады. Мемлекеттік органнан жауап сұрайды, депутаттарға жүгінеді, заңдағы кемшілікті көрсетеді. Мұны біз депутаттық жұмыста күн сайын көреміз.

Бірақ құқықтық мәдениет тек өз құқығыңды талап ету емес. Ол өз жауапкершілігіңді де түсінуден басталады.

Президент өз сөзінде жастарға заңды құрметтеу және заңға бағыну қажеттігін қарапайым тілмен түсіндіру керек екенін айтты. Бұл жерде мен Мемлекет басшысының пікірімен толық келісемін.

Заңға сенім қорқыныштан қалыптаспайды. Адам заңның бәріне бірдей қолданылатынын көргенде сенім пайда болады. Мемлекеттік органға да, кәсіпкерге де, қарапайым азаматқа да талап бірдей болуы керек.

- Сіздіңше, бұл бағытта әлі де шешілмеген қандай мәселелер бар? Алдағы уақытта «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту үшін мемлекет ең алдымен қай бағыттарға назар аударуы керек?

- Меніңше, қазір негізгі мәселе жаңа заңдарды көптеп қабылдауда емес. Бар заңның қалай орындалып жатқанында.

Депутат ретінде біз мұны түрлі саладан көріп жүрміз. Заң бар, талап бар, бірақ жергілікті жерде оны орындау әлсіз болуы мүмкін. Сондықтан парламенттік және қоғамдық бақылау маңызды.

Екінші мәселе - алдын алу. Тұрмыстық зорлық-зомбылық болсын, жолдағы қауіпсіздік болсын, балалардың құқығы болсын, біз салдарымен ғана күреспеуіміз керек.

Үшіншісі – заңның бәріне бірдей болуы. Бұл бизнеске де қатысты. Respublica үнемі кәсіпкерлер үшін түсінікті әрі тұрақты ереже керек екенін айтып келеді. Кәсіпкер заңды сақтауға міндетті. Бірақ мемлекеттік орган да ережені өз қалауынша өзгертіп, бизнеске негізсіз кедергі келтірмеуі керек. Партияның ұстанымында да түсінікті және тұрақты бизнес-орта қалыптастыру мәселесі негізгі бағыттардың бірі ретінде көрсетілген.

Сондықтан мен үшін «Заң мен тәртіптің» қарапайым өлшемі бар. Адам өз құқығының қорғалатынына сенуі керек, ал заңды бұзған адам жауапкершіліктен құтылып кетпейтінін білуі керек. Сонда ғана бұл қағидат күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналады. 

-  Уақытыңызды бөліп, сұрақтарға жауап бергеніңізге көп рақмет!

Барлық жаңалық