Алматыда бүгін түстен кейін сезілген жер сілкінісінен кейін тұрғындар арасында дүрбелең туып, көптеген азаматтар қаладан жаппай шыға бастады. Көбі қауіпсіздік мақсатында Алматының шет аймақтарындағы жеке секторлар мен ауылдық аймақтарға бет алған, деп хабарлайды Оzgeris.info.
Қалада көлік қозғалысы қиындап, негізгі көшелер мен шыға берістерде ұзындығы бірнеше шақырымға созылған 7 баллдық кептеліс қалыптасты. Кей жүргізушілер жолда бірнеше сағат тұрғандарын айтуда.Жер сілкінісінің дүмпулерін алматылықтар ғана емес, еліміздің бірнеше облысының халқы сезген. Төтенше жағдай қызметтері ғимараттардан адамдарды қауіпсіз жерге эвакуациялап, қала бойынша жағдайды бақылауда ұстап отыр.
Тұрғындардың айтуынша, алғашқы дүмпулерден кейін қала ішінде байланыс баяулап, көптеген адамдар үйлерін тастап, ашық алаңдарға немесе қаладан тысқары жерлерге кетуге әрекеттенген. Бұл өз кезегінде жолдағы қозғалысты одан әрі қиындатқан.
Мамандар зілзаланың негізгі ошағы Қытай территориясында болғанын, алайда оның толқындары Қазақстан аумағына да айтарлықтай сезілгенін мәлімдеді.