Жаз мезгілі балалар үшін демалыс пен қызыққа толы кезең болғанымен, дәл осы уақытта түрлі қауіп-қатер де көбейеді. Лагерьлер, спорттық секциялар, саяхаттар, ойын алаңдары және интернет кеңістігі – мұның бәрі балалардың белсенділігін арттырғанымен, ата-аналардың жауапкершілігін де күшейтеді. Fingramota.kz мамандарының айтуынша, жаз айларында балалардың жарақат алуы, түрлі ауруларға шалдығуы және кибералаяқтардың құрбаны болуы жиілейді, деп Ozgeris.info.
Сақтандыру не үшін қажет?
Көпшілік арасында сақтандыру тек кәсіби спортпен айналысатын немесе өте белсенді балаларға ғана керек деген түсінік қалыптасқан. Алайда мамандар бұл пікірдің шындыққа жанаспайтынын айтады.
«Сақтандыру жағдайларының басым бөлігі күнделікті өмірде орын алады. Бала ролик теуіп жүріп құлап қалуы, жаттығу кезінде жарақат алуы, батутта мертігуі немесе демалыс кезінде вирус жұқтырып алуы мүмкін. Кей жағдайда тіпті қарапайым қызудың өзі асқынып, бала ауруханаға түсуі ықтимал. Мұндай кезде ата-аналар алдымен баланың денсаулығын ойлайды. Бірақ көп ұзамай емделу, тексерулер мен оңалту шараларының шығыны мәселесі туындайды», деп жазады Fingramota.kz.
Мамандардың айтуынша, мемлекеттік медициналық ұйымдардағы қызметтердің бір бөлігі тегін көрсетілгенімен, ақылы тексерулер, шұғыл қабылдаулар мен оңалту рәсімдері көбіне отбасы бюджетіне қосымша салмақ түсіреді. Сондықтан балаларға арналған ең кең тараған сақтандыру түрлерінің бірі – жазатайым оқиғалардан сақтандыру. Мұндай полис жарақат алу, ауруханаға жатқызылу, күйік шалу, ата-ананың бала күтімі үшін уақытша еңбекке жарамсыз болуы сияқты жағдайларда өтемақы төлеуді қарастырады.
Алайда мұнда бір маңызды жайт бар
«Кез келген сақтандыру полисі белсенді спорт түрлерін автоматты түрде қамти бермейді. Егер бала футбол, хоккей, жүзу, гимнастика немесе жекпе-жек секцияларына қатысатын болса, сақтандыру шарттарын алдын ала мұқият зерделеген жөн. Кей жағдайда қарапайым жаттығулар сақтандыруға кіргенімен, ресми жарыстардағы оқиғалар қамтылмауы мүмкін. Сондықтан келісімшарттағы әрбір тармақтың маңызы зор», дейді мамандар.
Лагерьдегі қауіпсіздікке де мән берген жөн
Жазғы демалыс кезінде балалардың көбі лагерьлерге, экскурсияларға, спорттық жиындарға және туристік жорықтарға қатысады. Мұндай кезде ата-аналар баласының қауіпсіздігі ұйымдастырушылардың толық бақылауында болады деп есептейді. Алайда тәжірибе көрсеткендей, барлық жағдайда олай бола бермейді.
«Көпшілік лагерь ұйымдастырушылары барлық тәуекел үшін толық жауап береді деп ойлайды. Алайда ұжымдық сақтандырудың қамту аясы шектеулі болуы мүмкін. Кей жағдайда сақтандыру тек лагерь аумағында ғана әрекет етеді немесе көшпелі іс-шараларды қамтымайды. Сондықтан ата-аналар ұйымдастырушылар тарапынан сақтандыру қарастырылған-қарастырылмағанын және оның нақты қандай жағдайларды қамтитынын алдын ала анықтап алғаны жөн», деп ескертеді Fingramota.kz.
Әсіресе спорттық лагерьлер мен жаттығу жиындарына қатысатын балалар үшін тәуекел жоғары. Өйткені қарқынды жаттығулар мен жарыстар кезінде жарақат алу ықтималдығы артады.
Телефондағы қауіп
Қазіргі балалардың демалысы тек аулада ойнаумен немесе лагерьде уақыт өткізумен шектелмейді. Олар күннің едәуір бөлігін әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде және онлайн ойындарда өткізеді. Осыны пайдаланған алаяқтар жаз мезгілінде интернет кеңістігінде белсенді әрекет етеді. Мамандардың айтуынша, ең қауіпті алаңдардың бірі – онлайн ойындар.
«Алаяқтар балаларға ойын ішіндегі валюта, сирек заттар, тегін сыйлықтар немесе ақылы мүмкіндіктер ұсынып хабарлама жібереді. Кейде олар танымал блогерлердің немесе ойыншылардың атын жамылады. Одан кейін балаға сілтеме жіберіп, аккаунтқа кіруді, құпиясөзді немесе растау кодын енгізуді сұрайды. Жасөспірім мұны бонус деп қабылдағанымен, шын мәнінде өзінің аккаунтын алаяқтардың қолына береді», дейді Fingramota.kz сарапшылары.
Портал мамандары мұндай жағдайда баланың тек ойын аккаунтынан ғана емес, оған байланыстырылған электрондық поштадан және өзге де деректерден айырылып қалуы мүмкін екенін атап өтеді. Кейбір жағдайда балалар сүйікті ойынына қайта кіру үшін ата-анасының банк картасының деректерін де алаяқтарға беріп қойған.

Әлеуметтік желідегі алдау тәсілдері де көбейген.
«Бұл суреттегі сен бе?», «Сен туралы видео шықты», «Сен мына видеода жүрсің» деген хабарламалар арқылы балалар жалған сілтемелерге өтеді. Сырттай қарағанда олар шынайы сервистерден еш айырмашылығы жоқ. Бала логині мен құпиясөзін енгізгеннен кейін аккаунты алаяқтардың қолына өтеді», деп жазады сарапшылар.
Одан кейін қаскөйлер баланың атынан оның достарына хабарлама жіберіп, ақша сұрауы немесе түрлі сілтемелер таратуы мүмкін. Хабарлама таныс адамның атынан келгендіктен, оған сеніп қалатындар да аз емес. Мамандардың пікірінше, мұндай қауіптердің алдын алудың ең тиімді жолы – ата-аналар мен балалар арасындағы ашық әңгіме.
«Балаға күмәнді сілтемелерді ашпау, құпиясөздерді ешкімге бермеу және интернеттегі бейтаныс адамдардың ұсыныстарына сенбеу керектігін үнемі түсіндіріп отыру қажет. Бүгінде баланы қорғау тек көшедегі қауіптен сақтаумен шектелмейді. Оның цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігі де маңызды мәселеге айналып отыр», дейді Fingramota.kz мамандары.
Жазғы демалыс балалар үшін қызықты әрі пайдалы кезең болуы тиіс. Ол үшін ата-аналар баланың денсаулығына ғана емес, сақтандыру мәселесіне, интернеттегі қауіпсіздігіне және күнделікті жүріс-тұрысына да көңіл бөлгені жөн.