Атырау облысында із-түзсіз жоғалып кеткен отбасы ісі бойынша күдікті ретінде аталған Сұлтан Сәрсемәлиевтің туған ауылы Жангелдиндегі көршілері оқиға жайында сұхбат берді деп хабарлайды Оzgeris.info сайты «Qazaq Airan» жобасына сілтеме жасап.
Марқұмдардың көршісі Назгүл Нығыметованың айтуынша, Наурыз Мұқанғалиевке қатысты түрлі сыбыс ауыл арасында желтоқсан айының ортасынан бастап тараған.
«Алғашында Наурыздың жат діни ағымға кіріп кеткені, ата-анасын шетелге, тіпті Сирияға алып кеткені туралы әңгімелер шықты. Бірақ біз ондай сөздерге сенбедік. Кейіннен тағы да түрлі қауесеттер тарай бастады. Біреулер малдарын сатып жатыр десе, енді біреулер ата-анасы ауырып, қалаға көшіп кеткен деп айтты», — дейді көршісі.
Оның сөзінше, Наурыздың анасының қан қысымы жоғары болып, сол себепті емдету үшін Ташкентке алып кеткені жайлы да әңгімелер болған. Алайда уақыт өте келе бұл жағдайдың мән-жайы көпшілікке белгілі болды.
«Қазір ауыл тұрғындары алаңдаулы. Балаларымызды бұрынғыдай еркін далаға жібермейміз, бәрі қорқып отыр», — дейді Назгүл Нығыметова.
Қазіргі таңда аталған оқиға бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Құзырлы органдар істің барлық мән-жайын анықтауға кіріскен.