Жаңалықтар

Жасанды интеллект «Семей орманын» күзетеді: Олжас Бектенов жаңа жүйенің жұмысын тексерді

Жасанды интеллект «Семей орманын» күзетеді: Олжас Бектенов жаңа жүйенің жұмысын тексерді

Қазақстанның орман қорын қорғау ісіне заманауи технологиялар қарқынды енгізіле бастады. Енді тілсіз жауды дер кезінде анықтау үшін жасанды интеллект көмекке келеді. Абай облысына жұмыс сапарымен барған Премьер-министр Олжас Бектенов «Семей орманы» резерватында сынақтан өтіп жатқан «ақылды» жүйенің тыныс-тіршілігімен танысты деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың орман шаруашылығын цифрландыру туралы тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда резерват аумағында өртті ерте кезеңде анықтайтын пилоттық жүйе жұмыс істеп тұр. Жасанды интеллект кез келген ауа райында, өте алыс қашықтықтағы түтін мен жалынды қалт жібермей тани алады. Бұл мамандардың оқиға орнына жедел жетіп, отты дер кезінде ауыздықтауына мүмкіндік береді.

Үкімет басшысының қатысуымен өткен оқу-жаттығу жиынында жүйенің тиімділігі іс жүзінде көрсетілді. Экология вице-министрі Нұрлан Құрмалаевтың түсіндіруінше, арнайы жылувизорлар мен оптикалық камералар айналаны тәулік бойы бақылауда ұстайды. Тіпті, құрғақ найзағай разрядтарын тіркейтін метеокешендер де осы жүйеге біріктірілген. Бүгінде мұндай жедел басқару орталықтары резерваттың барлық он филиалында құрылған.

Цифрлық шешімдер тек Шығыспен шектеліп қалмайды. «Қазақтелеком» өкілдерінің мәлімдеуінше, жоба қазір Ақмола облысында, сондай-ақ Іле-Алатауы, Сайрам-Өгем және «Көлсай көлдері» ұлттық парктерінде де енгізіліп жатыр. Биылғы жылдың қыркүйек айына қарай еліміздегі ең қауіпті саналатын 24 табиғи аумақ толықтай осы жүйенің бақылауына өтпек.

Олжас Бектенов технологияның маңыздылығын айта келе, цифрландырумен қатар дәстүрлі патрульдеу жұмыстарын да қатар алып жүру қажеттігін қадап айтты. Сонымен қатар, материалдық-техникалық базаны нығайту мәселесі де назардан тыс қалмады. Егер бұрын «Семей орманындағы» техниканың 85 пайызы тозып тұрса, соңғы екі жылда парк 100 пайызға жаңартылған.

Жалпы, еліміз бойынша орман шаруашылықтарын заманауи техникамен жабдықтау деңгейі 87 пайызға жетті. Бұл мақсатқа 2024-2025 жылдары 21 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталған. Сонымен қатар, лизинг арқылы тағы мыңнан астам арнайы көлік сатып алу жоспарланған. Осылайша, Қазақстан орман өрттерімен күресуден гөрі, оның алдын алудың мүлдем жаңа, жоғары технологиялық үлгісіне көшуде.

Барлық жаңалық