📰 Сарапшылар пікірі

Жасанды интеллект инвестиция жасай ала ма?

Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы бүгінде бүкіл әлемдік экономиканы жаңа бағытқа бұрып отыр. Технологияның әсері соншалық, ол жеке салалардың емес, тұтас экономикалық модельдердің жұмысын түбегейлі өзгертіп жатыр, деп жазады Ozgeris.info.

Инвесторлар үшін бұл үрдіс бір мезетте үлкен мүмкіндік пен күрделі сынақ әкелмек. Жасанды интеллектінің айналасында қалыптасып жатқан жаңа нарықтар қазірдің өзінде триллиондаған доллармен есептелетін әлеуетке ие. Инвестор Аман Әлімбаев бұл тақырыпта өз ойымен бөлісті.

«Жасанды интеллект қазірдің өзінде төртінші өнеркәсіптік революция деп аталып отыр. Оның әсерін тарихтағы бу қозғалтқышымен, электрмен немесе интернеттің пайда болуымен салыстырады. Яғни, бүкіл саланы өзгертіп жатыр: медицинаны да, энергетиканы да, қаржы мен көлікті де. 2000-жылдардың басында интернетті көпшілік тек студенттердің ермегі деп қабылдағанын еске алайық. Бірақ арада аз ғана уақыт өтпей, интернетсіз бизнес жүргізу мүмкін емес жағдайға жеттік», дейді ол.

Жасанды интеллектінің ең ірі салдары энергетикада байқалады. Технологияны дамыту үшін орасан көп көлемде деректер өңделеді, ал оларды сақтайтын және талдайтын дата-орталықтар электр энергиясын рекордтық деңгейде тұтына бастады.

«АҚШ-та 2040 жылға қарай электрге сұраныс 44 пайызға өспек, ал оның тең жартысы дата-орталықтарға тиесілі болмақ. Вирджиния сияқты штаттарда дата-орталықтар энергияның төрттен бірін жұтып отыр. Бұл дегеніміз күн, газ және атом энергетикасына сұраныс артады, демек инвестор үшін бұл үлкен мүмкіндік», дейді Әлімбаев.

Энергетика секторында алдағы онжылдықта жаңа инвестициялық бағыттар айқын көрінеді. Жасыл энергетика, ядролық энергия және табиғи газ салаларындағы өндіріс қарқыны күшеймек. Тиісінше, осы саладағы инфрақұрылымды дамытатын компаниялар да ұтылмайды.

Жасанды интеллектінің ең әсерлі нәтижелерінің бірі медицинада көрінеді. Дәрі-дәрмек әзірлеу процесі ондаған жылдарға созылатын күрделі жолдан қысқа мерзімді, тиімді кезеңге өтіп жатыр.

«Бұрын дәрі жасау үшін 10-15 жыл кетсе, қазір жасанды интеллектінің арқасында мерзім екі есе қысқарады. Бұл дегеніміз Паркинсон, қатерлі ісік, инфекцияға төзімді ауруларға қарсы дәрілер әлдеқайда ерте шығуы мүмкін. Демек фармацевтика мен биотехнология компаниялары үлкен серпіліс жасайды. Ақша салған адам ұтылмайды», деп атап өтті сарапшы.

Бұл – биотехнология мен фармацевтика нарығында жаңа дәуірдің басталғанын көрсететін фактор. Инвесторлар үшін бұл бағыт болашақтағы ең тартымды салалардың біріне айналуы ықтимал. Қаржы секторындағы өзгерістер де ауқымды. Жасанды интеллект банктер мен инвестициялық қорлар үшін күнделікті жұмыстың жаңа стандарттарын қалыптастырып жатыр.

«Goldman Sachs IPO үшін қажетті құжаттардың 95 пайызын жасанды интеллектімен жазады. Бұрын апталап дайындалатын есептер қазір бірнеше минутта жасалады. Банк пен сақтандыру компаниялары да осы құралды енгізіп, қызмет сапасын жақсартып отыр. Бірақ тәуекел де бар. Кибершабуылдар жасанды интеллектінің арқасында жылдамырақ әрі күрделірек бола түсті. Залал жылына жүздеген миллиард доллармен есептеледі. Сондықтан киберқауіпсіздік те инвесторлар назар аударатын сала», дейді Әлімбаев.

Киберқауіптердің күшеюі бизнес үшін жаңа тәуекелдер әкелгенімен, осы саладағы шешімдерге сұранысты да арттырып отыр. Киберқауіпсіздікке маманданған компаниялар үшін жаңа нарық қазірдің өзінде 200 миллиард доллар деңгейіне жеткен.

Аман Әлімбаев жасанды интеллект дәуірінде инвестиция салуға лайық бес басты бағытты атап өтті:

«Ең алдымен чиптер мен жартылай өткізгіштерге назар аудару керек. Nvidia, TSMC, ASML, Broadcom сияқты компаниялар жаңа алтын безгегінің тасасында тұр. Екінші бағыт – бұлттық технологиялар мен дата-орталықтар: Amazon AWS, Microsoft Azure, Google Cloud. Үшінші бағыт – энергетика мен инфрақұрылым, себебі дата-орталықтарды энергиямен қамтамасыз ететіндерге орасан сұраныс бар. Төртіншіден, денсаулық сақтау мен фармацевтика саласы, жасанды интеллектті қолданатын компаниялар үлкен серпіліс жасайды. Бесіншіден, киберқауіпсіздік. Нарық көлемі қазірдің өзінде 200 миллиард доллар. Сондықтан менің кеңесім, жасанды интеллект тек технология емес, ол жаңа экономиканың жүрегі. Оған дер кезінде назар аударған инвестор ұтылмайды», дейді сарапшы.

Барлық жаңалық