Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Ерасыл Айдарбек пен мектеп түлектері Жұлдызай Мұңайтбасова, Арайлым Әшірмет және Раушан Тұрғанбай инсульт алған адамдардың қозғалыс қабілетін қалпына келтіруге көмектесетін Remotion кешенін әзірледі. Жоба оңалту жаттығуларын интерактивті ойындармен ұштастырып, қалпына келу үдерісін қолжетімді әрі қызықты етуге бағытталған,деп хабарлайды Ozgeris.info.
Жоба идеясы Ерасылдың жақын танысы инсульт алып, күрделі оңалту кезеңінен өткен кезде пайда болған. Осы бастаманы жүзеге асыру үшін жас өнертапқыштар NauanX командасына бірігіп, NIS-тің информатика пәні мұғалімі Әділжан Науанның жетекшілігімен жұмыс жүргізген.
«Танысым инсульттен кейін күрделі оңалту кезеңінен өтті. Күнделікті жаттығулар бірсарынды болды. Ал дәрігерлер ұсынған шетелдік құрылғының бағасы 1700 доллар екен. Сол кезде тиімді әрі қолжетімді балама жасауды ойладым. Бірнеше айдың ішінде алғашқы жұмыс істейтін үлгіні әзірледік», – дейді Ерасыл Айдарбек.
Remotion кешені үш құрылғыдан тұрады. Олар саусақтардың ұсақ моторикасын, қол бұлшықеттерінің күшін және қимыл үйлесімділігін дамытуға арналған. Құрылғылар компьютерлік ойындармен байланыстырылғандықтан, пациенттер ойын тапсырмаларын орындау арқылы қолдарын жаттықтыра алады.
Команда кешенді пациенттердің қатысуымен сегіз апта бойы сынақтан өткізген. Электромиография нәтижелері бұлшықет белсенділігінің артқанын көрсеткен. Ал пациенттер ойын түріндегі жаттығуларға қызығушылықтары артып, оларды орындауға ынталана түскенін атап өткен. Кейін Samsung байқауында жеңіп алған 2,5 миллион теңге гранттың көмегімен құрылғылар жетілдірілген.
Қыркүйек айында NauanX командасы Remotion жобасымен Түркияда өткен Empower Me халықаралық байқауында екінші орын иеленді. Жас кәсіпкерлер мен стартап командаларға арналған байқаудың бастапқы кезеңіне 120-дан астам жоба ұсынылып, олардың арасынан төрт елдің 10 командасы финалға жолдама алған. Нәтижесінде қазақстандық өнертапқыштар 5000 АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйлық жеңіп алды.
Халықаралық байқаудағы жеңіс команда үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Енді жоба авторлары Remotion кешенін одан әрі жетілдіріп, Қазақстан мен шетелдегі оңалту орталықтарында қолдануға болатын қолжетімді өнімге айналдыруды көздейді.