Шымкент қаласында таныс жігіттің қолынан қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбай жер қойнына тапсырылды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Марқұм өзінің туған ауылында жерленді. Бұл туралы белгілі журналист Гүлмиа Әбіқай мәлімдеді.
"МӨЛДІРЕГЕН ЖАНАРЫҢ… Жанары мөлдіреп кете барды… Аялап, әлпештеп өсірді, қу аяқ жолықты да өмірін қиды. Қандай қатыгез, әділетсіз жағдай… 21 жасар Нұрай әулет пен ауылдың мақтанышы еді. Өз қатарынан жалғыз өзі мектепті алтын белгімен бітірген түлек. Өнерлі, ісмер, еңбекқор, зерек қыздың арманы асқақ еді. Алматыға оқуға түсіп, күніне сан қиял, мың мақсатпен қадам басты. Қыр соңынан қалмаған жігітке ЖОҚ деп қарсылығын айтқаны сол екен қыршын өмірі қиылды. Аңырап қалған анасына, қаралы әулетке қайғыра көңіл айтамын Бұл қайғы барша ананың жүрегін ауыртып, бүкіл қыздардың жанын шайлықтырды. Айналайын қыздар (келіншектер) “Сталкинг” туралы Қылмыстық кодекс бар!!! Егер, танитын (танымайтын) жігіт ұнамаса, бірақ қыр-соңыңнан қалмай мазаңды алып, жеке өміріңе араласып, күштеп, мәжбүрлеп, қинап жатса қашып жүре бермей, полицияға арыз жаз! Ешкімнің ешкімді аңдуға, жеке өміріне қол сұғуға, қарсылығына қарсылық танытуға хақы жоқ! Әр ұл әр қызға қарындасындай қамқорлықпен қарайтындай тәрбие берейік!", - деп жазды ол.
Жарақаттың ауыр болғаны сонша марқұмның жақындары мүрдені мәйітханада жудыруға мәжбүр болған.
«Қазақтың дәстүрі бойынша мәйітті жуып, шығарып салатын едік. Қазір ондайға да жағдайымыз келмей тұр. Себебі ауыр жарақат алған, бетін көріп едік шошып кеттік. Жотасынан 7 жерден пышақұрған», – деді марқұмның туысы Ғалымжан Сағымбек
Жаназаға жиналғандар күдікті мен студент қыздың бұрыннан таныс болғанын айтты. Олардың сөзінше, қазанда азамат бойжеткенді еркінен тыс алып қашқан. Бұл некеге қыздың өзі де, отбасы да қарсы болыпты. Тіпті полицияға арыз да жазылған. Алайда құзырлы органдар ешқандай шара қолданбаған.