Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне қол қойды. Қандай өзгерістер барына үңілейік, деп жазады Ozgeris.info.
2026 жылдан бастап салық жүйесінде бірқатар жеңілдік пен оңтайландыру күшіне енеді. Ең бастысы – жеке табыс салығы енді табыс деңгейіне қарай сараланып төленеді. Мысалы, жылына 40 млн теңгеден көп табатындар үшін мөлшерлеме 15%-ға дейін көтеріледі. Ал әлеуметтік әлсіз топтарға жеңілдіктер қарастырылған: мүгедектігі бар азаматтардың шегерімі 5000 АЕК-ке дейін өсіп, зейнетақы қорынан төленетін ақшалар салықтан босатылады.
Қарапайым қызметкерлер үшін де өзгерістер бар. Бұрын барлық адам өз бетінше есеп тапсырып, салық төлесе, енді бұл міндетті интернет-платформалар өз мойнына алады. Мысалы, Glovo, Яндекс сияқты сервистер таксист пен курьердің орнына 4% салықты өзі ұстап, өзі төлейді. Келешекте тіпті жеке кәсіпкерлікті ашудың да қажеті болмайды. Бұл – фрилансерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін едәуір жеңілдік.
Көлік пен жылжымайтын мүлікке де өзгеріс бар: ескі көліктерге салық азайса, қымбат мүлікке – керісінше, қосымша алым енгізіледі. Сондай-ақ, криптовалютамен пайда тапқан адам 10% салық төлейді, ал шығынға ұшыраса – төлемейді.
Білім, медицина, әлеуметтік қолдау сияқты салаларға ҚҚС бойынша жеңілдік қарастырылған. Ал жалпы алғанда, жаңа кодекс салық жүйесін жеңілдетіп, азаматтардың өмірін біршама оңайлатуға бағытталған.