📰 Сарапшылар пікірі

Жаңа Салық кодексі: Бизнеске бонус па, бас ауру ма?

2026 жылдан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Бұл құжат қоғамның барлық тобына әсер етпек. Бірақ басты мақсат – салықтық әкімшілендіруді жеңілдетіп, кәсіпкерге түсетін артық салмақты азайту, ал көлеңкелі экономиканы қысқарту. Мемлекет бақылаудан түсіндіруге, жазалаудан ынталандыруға көшкелі отыр, деп сараптайды Ozgeris.info.

Салық төлеу тәртібі жеңілдей ме?

Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Ерлан Сағынаев бұл өзгерістердің мәнін былай түсіндіреді:

«Бүгінде салықты кім қанша төлеуі керек деген сұрақтан гөрі, оны қалай, қандай жолмен және қандай жүйемен жинайтынымыз маңыздырақ болып тұр. Себебі мөлшерлеме төмен болғанымен, егер әкімшілендіру жүйесі күрделі, сенімсіз және ашық болмаса, нәтиже шықпайды. Сондықтан жаңа кодекс осы мәселені түбірімен өзгертуді көздейді. Енді басты назар алдын ала ескерту, түсіндіру және салықты автоматты түрде есептеу арқылы төлеуге бағытталады», дейді ол.

Яғни, кәсіпкерлердің көбі салық төлеуден қашпайды, тек есептеу жолын білмей қателеседі. Бұрын бұл қателіктер айыппұл мен тексеруге әкелетін. Енді жүйе автоматтандырылып, есепті «E-Salyq-Business» және «E-Salyq-Qoldau» қосымшалары өзі қалыптастырады. Кәсіпкер шот-фактура жіберіп, тауар айналымын көрсетсе жеткілікті, қалғанын бағдарлама жасайды.

Қазір 2,4 млн салық төлеушінің 87%-ы электронды бақылау-кассалық машиналарды пайдаланады. Жаңа талап бойынша бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу жоспарланған. Сонымен бірге таңбаланған тауарды қадағалау, POS-терминалдарды міндетті пайдалану, шот-фактураларды онлайн жіберу толық енгізіледі.

Тексеру бәріне бірдей болмайды

Сағынаевтың айтуынша, үлкен өзгерістердің бірі – тәуекелдерді басқару жүйесінің күшеюі.

«Енді барлық кәсіпкер бірдей тексерілмейді, тек тәуекелі жоғары топтарға ғана назар аударылады. Салық қызметі қазірдің өзінде тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы 47 көрсеткіш негізінде 1 млн-нан астам салық төлеушіні бақылауда ұстап отыр. Жаңа жүйе бұл үдерісті анағұрлым әділ етеді. Бұрын тексеру, айыппұл – салық органының негізгі құралы еді. Енді біз кәсіпкерге сеніп, алдын ала ескерту мен цифрлық жолмен реттеуді ұсынып отырмыз. Бұл мәдени өзгеріс – салық жүйесін мәжбүрлеуден сенімге көшіру», – дейді ол.

Жаңа кодекс қағаз жүзінде бизнестің өмірін жеңілдетуді көздейді. Бірақ бұл реформаның тиімділігін кәсіпкерлер нақты іске асқанда ғана бағалай алады. Әзірге белгілісі – салық қызметі «айыппұл салудан» гөрі «түсіндіруге» басымдық бермек.

Бизнеске жеңілдік те, алаң да бар

Сонымен Жаңа Салық кодексінің мазмұнына бизнес қауымдастық тікелей араласып, ұсыныстарын енгізді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Райымбек Баталовтың айтуынша, бұл жолы кәсіпкерлер тек бақылаушы емес, нақты қалыптастырушы тарап болған.

«Біз бұл кодексті жай ғана бақылаушы емес, қалыптастырушы тарап ретінде қарадық. Осы құжаттың кәсіпкерлер үшін қолайлы болуын талап етіп, талай нормаға өзгеріс енгізуге қол жеткіздік. Жұмыс тобына 300-ден астам сарапшы тартылып, жыл бойы нақты ұсыныстар әзірленді. Бұл – шынайы еңбек пен мәміле нәтижесі», – дейді ол.

Жаңа кодексте бизнеске айтарлықтай қолдау болатын баптар бар. Мысалы, көп талқыланған қосылған құн салығы (ҚҚС) бастапқыда ұсынылған 20%-дың орнына 16% болып бекітілді. Бұл кәсіпкерлер үшін елеулі жеңілдік саналады. Сонымен қатар ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 78 млн теңгеден 40 млн теңгеге дейін төмендетілді. Бұл шағын бизнеске есепке тұруды жеңілдетіп, салық шекараларын нақтылауға көмектеспек.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға 4%-дық арнайы режим енгізіліп, оның құрамына барлық әлеуметтік төлем қосылған. Ең бастысы, бұл топ жеке табыс салығынан босатылады.

Корпоративтік табыс салығы (КТС) бойынша да бірқатар өзгеріс бар.

«Бизнес үшін тағы бір маңызды бағыт – корпоративтік табыс салығы. Бұл жерде біз әлеуметтік саладағы ұйымдар үшін айтарлықтай қолдау жасадық. Жаңа кодексте олар үшін КТС кезең-кезеңімен енгізіледі: келесі жылы – 5%, 2027 жылдан бастап – 10%. Мұны білім беру, медицина және әлеуметтік жобалар саласындағы компанияларға демеу десек болады. Сонымен қатар залалдарды кейінгі жылдарға көшіру мерзімі 10 жыл болып қалды. Импорттық ҚҚС бойынша бұрынғыдай есепке алу тәсілі сақталып отыр, бұл да бизнестің өтімділігін сақтап қалуға көмектеседі», дейді Баталов.

Инновацияға да назар аударылған. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалған шығындарға 200% мөлшерінде шегерім жасау көзделген.

Алаңдатқан мәселелер

Дегенмен, жаңа кодекстің бәрі бірдей оң қабылданған жоқ. Кәсіпкерлерді мазалаған баптардың бірі – медициналық қызметтерге ҚҚС енгізу.

«КТМКК, МӘМС аясынан тыс медициналық қызметтер мен тауарларға ҚҚС салу – қағаз жүзінде дұрыс болғанымен, іс жүзінде орындалуы қиын. Қазір көптеген клиника мен ауруханада жеңілдетілген және ақылы қызметтерді нақты бөліп отыратын жеке есеп жүйесі жоқ. Бұл жағдай салық қателіктеріне, артық төлемдерге және айыппұлдарға әкеліп соғуы мүмкін. Мұндай шешім шағын бизнес үшін оңайға соқпайды», – дейді ол.

Алдағы жұмыс

Райымбек Баталовтың айтуынша, кодексті жетілдіру жұмысы тоқтамайды.

«Кодекс – өмір сүретін құжат. Әр тармағы тәжірибеде сыналып, қажет болса, қайта қаралып, нақтылана түсуге тиіс. Біз ҰКП ретінде бұл жұмысты жалғастыра береміз. Бастысы – кәсіпкер мен мемлекет арасында ашық диалог орнату. Қазір бізге эмоция емес, факті мен дәлел керек. Ал кәсіпкерлерге тұрақты әрі болжамды салық жүйесі қажет», дейді ол.

Жалпы алғанда, жаңа Салық кодексі бизнеске белгілі бір жеңілдіктер әкелгенімен, кейбір салалар үшін қосымша жүктеме туғызуы мүмкін. Сондықтан оның тиімділігі нақты іске асқанда ғана белгілі болмақ.

 

Барлық жаңалық