Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасында мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға және азаматтардың құқықтық кепілдіктерін күшейтуге бағытталған бірқатар маңызды жаңашылдықтар қарастырылған деп хабарлайды Оzgeris.info.
Жобадағы негізгі өзгерістердің бірі – бірпалаталы Құрылтайдың құрылуы. Құрылтай пропорционалды жүйе бойынша бес жылға сайланатын 145 депутаттан тұрады. Бұл модель партиялық жүйені нығайтып, саяси күштердің жауапкершілігін арттыруға және парламенттік өкілдіктің сапасын жақсартуға бағытталған.
Сондай-ақ, Халық Кеңесін құру көзделген. Ол – азаматтардың мүддесін жалпыұлттық деңгейде білдіретін, заң шығару бастамасын көтеру құқығына ие жоғары консультативтік орган болмақ.
Жаңа Конституция жобасында вице-президент институты да енгізіледі. Вице-президент ел ішінде және халықаралық деңгейде қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.
Құжатта азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ерекше мән берілген. Алғаш рет адвокатура туралы жеке бап енгізіліп, зияткерлік меншік құқығының қорғалуы күшейтіледі. Сонымен қатар, азаматтардың жағдайын нашарлататын заңдарға кері күш беруге тыйым салынады, кінәсіздік презумпциясы мен бір құқықбұзушылық үшін қайта жауапқа тартпау қағидаттары бекітіледі.
Айрықша жаңалықтардың бірі – «Миранда қағидасының» Конституция деңгейінде бекітілуі. Бұл норма бойынша әр адам ұсталған кезде өз құқықтары туралы хабардар етілуі тиіс.
Жоба аясында құқықтық терминология жаңартылып, Конституция мәтіні адам капиталының дамуы, ғылым, білім беру және инновацияны қолдауға бағытталған тұжырымдама негізінде әзірленген.