Жаңа жыл жақындаған сайын отшашу мәселесі қайта көтеріледі. Әдемі көрініс пен көңілді сәттің артында қауіп те бар. Осыны ескерткен Ішкі істер министрлігі мереке күндері пиротехниканы бейберекет қолданғандарға айыппұл салынатынын еске салды, деп жазады Ozgeris.info.
Сенат кулуарында журналистердің сұрағына жауап берген Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха жаңа жыл кезінде «фейерверк» қолдану тәртібі қатаң бақылауда болатынын айтты. Оның сөзінше, заң талаптары сақталмаса, жауапкершілік қарастырылған және ол нақты айыппұлдармен өлшенеді.
И. Лепеха пиротехникаға қатысты талаптарды ашық түсіндірді. Ол заңсыз саудаға да, қолдану тәртібіне де бірдей жауапкершілік барын атап өтті. Оның айтуынша, фейерверктерді заңсыз сату 25 АЕК көлемінде айыппұлға әкеледі. 2025 жылғы есеп бойынша бұл шамамен 92 мың теңге. Ал тыйым салынған жерлерде пиротехниканы қолданғандар 20 АЕК төлейді әрі өнім тәркіленеді.
Министрдің орынбасары балалардың қауіпсіздігіне ерекше тоқталды. Егер 16 жасқа толмаған бала отшашу атса, айыппұл оның ата-анасына салынады және ол 20 АЕК көлемінде болады. Ал осы заңбұзушылық бір жыл ішінде қайта қайталанса, айыппұл 30 АЕК-ке дейін өседі. Игорь Лепеха бұл талаптар жай ғана формалдылық емес екенін айтты.
«Жыл сайын пиротехника салдарынан адамдар жарақат алады, өрт шығады, мүлікке зиян келеді. Сондықтан бұл мәселе әр жаңа жыл сайын қайталанып отырады. Фейерверктерді балалардың қолына бермеу керек және қауіпсіз жерде сақтау қажет», деді ол.
Министрлік өкілі кәсіби салют пен тұрмыстық пиротехниканың айырмашылығын да түсіндірді. Лепеханың айтуынша, кәсіби салюттерді іске қосу үшін міндетті түрде лицензия қажет. Ал тұрмыстық пиротехниканы қолдануға рұқсат бар, бірақ бір шартпен. Ол көршілердің тыныштығын бұзбауы тиіс.
Егер тұрғындар тарапынан шуға немесе қауіпке қатысты шағым түссе, полиция міндетті түрде әрекет етеді. Бұл жағдайда құқық қорғау органдары мереке деп қарамайды, заң талабына сай шешім қабылдайды.
Айта кету керек, бұған дейін Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов те жаңа жыл қарсаңында және мерекені тойлау кезінде қандай фейерверктер үшін айыппұл салынатынын мәлімдеген еді. Яғни, бұл мәселе министрлік деңгейінде бірнеше рет көтеріліп отыр.
Жалпы алғанда, жаңа жылдық көңіл күй қауіпсіздікпен бірге жүруі керек. Отшашу атамын деп заңды бұзғандар айыппұлмен бетпе бет келеді. Ал талапты сақтағандар үшін мереке тыныш әрі қауіпсіз өтпек.