✅ Пайдалы

Жаңа жыл түні айыппұлсыз қарсы алу үшін нені білу керек?

Жаңа жыл түні айыппұлсыз қарсы алу үшін нені білу керек?

Жаңа жыл түні көпшілік үшін көңілді, думанды сәт. 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні адамдар далаға шығып серуендейді, отшашу атады, үйде қонақ күтеді. Бірақ мерекелік көңіл күй заң талаптарын жоққа шығармайды. Айыппұлға ұрынбас үшін әр азамат қарапайым ережелерді есте ұстауы керек.

Көп адам айыппұл тек отшашуға қатысты деп ойлайды. Шын мәнінде жауапкершілік аясы кең. Пиротехниканы дұрыс пайдаланбағандар үшін 20-30 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл 1 қаңтардан бастап 86 500-129 750 теңге. Бірақ бұл жалғыз талап емес.

Мереке күндері де түнгі тыныштық сақталуы тиіс. Жұмыс күндері шулауға тыйым салынатын уақыт 22:00-ден 09:00-ге дейін. Демалыс және мереке күндері 23:00-ден 10:00-ге дейін. Бұл талапты ешкім алып тастаған жоқ. Қатты музыка қою, теледидардың дауысын шектен тыс көтеру, ұрыс керіс, жанжал, фейерверк пен петарда ату тыныштықты бұзу болып саналады.

Полиция мұндай жағдайларда тұрғындардың шағымын тіркейді. Ал нақты заңбұзушылық анықталса әкімшілік хаттама толтырылады. Жеке тұлғаларға 5 АЕК айыппұл салынады. Бұл 21 625 теңге. Заңды тұлғалар үшін айыппұл көлемі 20-дан 100 АЕК-ке дейін жетеді. Бұл 86 500-432 500 теңге. Егер ереже қайта бұзылса айыппұл екі есе өседі.

Жаңа жыл түні бір әрекет үшін бірнеше айыппұл салынуы мүмкін. Мысалы самалдықтан салют атқан адам бірден үш талапты бұзады. Тыныштықты бұзғаны үшін 21 625 теңге төлейді. Пиротехниканы рұқсат етілмеген жерде пайдаланғаны үшін 86 500 теңге айыппұл салынады. Өрт қауіпсіздігі ережесін бұзғаны үшін тағы 21 625 теңге қосылады. Нәтижесінде жалпы сома 129 750 теңгеге жетеді. Бұл бірінші әрі соңғы заңбұзушылық болған жағдайдағы есеп.

Айта кету керек, пиротехниканы заңсыз сатқандарға да жауапкершілік бар. 2025 жылы тиісті құжаттарсыз пиротехникалық бұйымдарды сатқан сатушыларға 98 300 теңге айыппұл қарастырылған. Бұл да жаңа жыл қарсаңында жиі кездесетін заңбұзушылықтың бірі.

Қорытындысында айтар ой біреу. Жаңа жылды айыппұлсыз қарсы алу қиын емес. Заңды сақтау, айналадағы адамдарға құрметпен қарау және қауіпсіздік ережелерін ұмытпау жеткілікті. Сонда мереке шын мәнінде қуаныш пен тыныштыққа толы болады.

Барлық жаңалық