Желтоқсан туа сала жұрттың ойы жолға ауады. Бірі теңізді, бірі тауды, енді бірі жаңа жылды басқа елде қарсы алуды жоспарлайды. Бірақ демалыс маусымы басталған сайын алаяқтардың да белсенетіні бар. Қуанып билет қарап, чемодан жинап жүргенде, бір сәттік аңғалдық бүкіл сапарды күл талқан етуі мүмкін. Сондықтан жолға шықпас бұрын бірнеше қарапайым, бірақ маңызды нәрсені есте ұстаған жөн, деп жазады Ozgeris.info.
Fingramota.kz-тің айтуынша, жыл соңында туристерді алдауға бағытталған схемалар күрт көбейеді. Көп жағдайда алаяқтар бәрін өте әдемі бастайды. Әлеуметтік желіде көз тартатын жарнама шығады, бағасы нарықтан әлдеқайда арзан, «соңғы орын қалды» деген сөздер қосылады. Асыққан адам көп ойланып жатпайды.
«Бірақ турды тек ресми тіркелген компаниялардан ғана сатып керек. Компанияның лицензиясы бар ма, нақты мекенжайы көрсетілген бе, ресми сайты мен байланыс нөмірлері сәйкес келе ме, осының бәрін тексеру қажет. Ал ақша аударғанда жеке адамның картасына жіберу сұралса, ол бірден күдік тудыруы тиіс.Ең алдымен турды кімнен алып жатқаныңызға мән беріңіз. Жаңа жыл қарсаңында жалған турфирмалар, көшірме сайттар, әлеуметтік желідегі жалтыраған парақшалар көбейеді. Бағасы тым арзан, уәдесі көп ұсыныстар көбіне тұзақ болып шығады. Туроператордың лицензиясы бар ма, кеңсесі бар ма, ресми байланыс нөмірлері көрсетілген бе соның бәрін тексеру керек. Әлеуметтік желідегі пікірге ғана сеніп қалуға болмайды. Ақша аудару мәселесінде де сақ болған дұрыс. Тур құнын жеке адамның картасына емес, тек компанияның ресми есепшотына төлеу керек», дейді Fingramota.kz мамандары.
Сапарда цифрлық қауіпсіздікті ұмытпау да аса маңызды. Ұшып келгенде, қонақүйге орналасқанда адам шаршайды, сол сәтте қателікке бой алдыру оңай. Сол үшін сапарға бөлек банк картасын алып жүрген жөн. Негізгі жинағыңызды сол картаға салмаған дұрыс. Қуаттағышқа да абай болыңыз. Бейтаныс жерде тегін зарядка ұсынып тұрған сым мен QR белгілер арқылы телефонды қуаттау зиянды бағдарлама жұқтыруы мүмкін. Ашық Wi-Fi желісіне қосылып, банк қосымшасына кіру де үлкен қауіп тудырады.
Қолдан билет немесе тур сатып алуға мүлде болмайды. Әлеуметтік желі мен хабарландыру сайттарында жоспарым өзгеріп қалды деп жарты бағасына билет ұсынып отыратындар өте көп. Мұндай хабарландырулардың басым бөлігі алаяқтық. Алдын ала төлем сұрап, ақша алған соң байланысқа шықпай қояды немесе жалған билет жіберуі мүмкін. Егер билет алып қойсаңыз, оны міндетті түрде әуе компаниясының немесе ресми сатушылардың сайтынан тексеру қажет.
«Тағы бір маңызды нәрсе. Ешбір сілтемеге сене салмаңыз. Тіпті турфирманың өзі сияқты көрінетін аккаунт жазса да, бронды растау немесе қонақүйді нақтылау деген желеумен келген сілтемені ашпаған дұрыс. Мұндайда ресми нөмірге өзіңіз хабарласып, ақпаратты нақтылап алған жөн. Желтоқсан алаяқтар үшін ең қолайлы уақыт. Адамдар шаршаған, демалысты тезірек бастағысы келеді, ал алаяқтар дәл осыны пайдаланады», дейді мамандар.
Сарапшылардың айтуынша, сақтық танытқан адам ғана демалысын уайымсыз өткізеді. Жаңа жыл алдындағы қарбаласта адамдар эмоцияға беріліп, асығыс шешім қабылдайды. Ал алаяқтарға керегі де сол. Ақша аудармас бұрын бір сәт тоқтап, тексеру әдетін қалыптастырсаңыз, демалыс шынымен демалысқа айналады.