Астанада «Жаңа адамдар» мен «Дала қырандары» қозғалысының өкілдері кездесіп, «Әділет» партиясының жастар қанатын құру ниеті туралы ортақ келісімге келді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Елімізде қабылданған жаңа Конституция ауқымды реформаларға жол ашып, ендігі кезекте осы құндылықтарды нақты істер мен қоғамдық бастамалар арқылы жүзеге асыру кезеңі басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ата заңның әлеуеті жастардың белсенді қатысуымен ғана толық ашылатынын атап өткендей, бүгінде жас буын жаңа идеялар ұсынып, маңызды жобалар төңірегінде халықты біріктіру арқылы ел дамуына үлкен үлес қосып отыр.
Елордада бас қосқан қос қозғалыс өкілдері жауапкершілік, патриотизм, заң мен тәртіп, экологиялық мәдениет және адал азамат қағидаттары сияқты ортақ құндылықтарды талқылады. Жиын қорытындысы бойынша екі ұйым өздерінің дербестігін сақтай отырып, күш-жігерін біріктіруге шешім қабылдап, «Әділетті Қазақстан» идеясын ілгерілету жолында партияның жастар қанаты ретінде бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.
«Еліміздің әр өңірінен келген көшбасшыларымыз Әділет партиясының саяси кеңесінің құрамына енді және бұл мүмкіндіктің нақты іспен өзін дәлелдеген адамдарға берілуі меритократия қағидатының айқын көрінісі деп білемін. Бірлескен жұмыс барысында біз бір-бірімізді жақынырақ танып, ұстанымдарымыз бен мақсаттарымыздың үндес екенін көрдік, сондықтан күш біріктірсек ауқымды бастамаларды жүзеге асырып, ел дамуына үлкен үлес қоса алатынымыз анық болды», – деді «Жаңа адамдар» қозғалысының негізін қалаушы Әсел Баденова.
Жалпы бұл ортақ жұмыстың басты мақсаты бастамашыл жастардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласып, өз ұсыныстарын ғана айтып қоймай, оларды жүзеге асыру үшін жауапкершілік алатын азаматтық орта қалыптастыруға бағытталған. Аталған ынтымақтастықтың негізінде екі қозғалыстың өңірлік командаларды дамыту және өз ісінің нағыз көшбасшыларын даярлау бағытындағы мол тәжірибесі жатыр.
«Біз бүгін жастар қанатын қандай бағытта дамытқымыз келетінін, оның қандай қағидаттарға сүйенуі тиіс екенін, өңірлердегі жұмысы қалай ұйымдастырылуы қажет екенін және бұл үдерісте біздің қозғалыстың қандай рөл атқара алатынын бірге талқылау үшін жиналдық», – деді «Дала қырандарының» жетекшісі Мәди Рымжанов.