SMARTNEWS.KZ мәліметінше, Мойынқұм аудандық соты Жамбыл облысындағы өндіріс орнында болған жанжал бойынша үкім шығарды. Тергеу материалдарына сәйкес, 2025 жылдың маусым айында жергілікті жұмысшы мен оның Қытайдан келген тікелей басшысы арасында дау туындаған деп хабарлайды ozgeris.info сайты. Жұмысшы басшысынан жұмыс уақыты бойынша табельге қол қоюды өтінгенімен, шетелдік азамат бұл өтінішті орындаудан бас тартқан. Сол сәтте ашуға бой алдырған жұмысшы оның беті мен денесіне бірнеше рет соққы жасаған.
Жәбірленуші ауыр жарақат алмаған, бірақ денесінің ауырғанын айтып, шағымданған. Сот процесі кезінде айыпталушы өз кінәсін мойындап, істеген әрекетіне өкінетінін жеткізіп, кешірім сұрады. Дегенмен, Қытайлық инженер кешірім бермей, моральдық зиян келтірілгенін алға тартып, өтемақы төлеуді талап етті.
Сот жұмысшыны 40 айлық есептік көрсеткіш (157 200 теңге) көлемінде айыппұл төлеуге және жәбірленушіге 500 000 теңге моральдық өтемақы өтеуге міндеттеді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.