Жамбыл облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қордай ауданына қарасты Масанчи ауылында болған қанды оқиға бойынша үкім шығарды. 2024 жылдың тамыз айында ер адам отбасылық жанжал кезінде, жарының жүкті екенін біле тұра, оның мойын тұсына пышақ сұғып, оқиға орнында көз жұмуына себеп болған деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Сот-медициналық сараптама қорытындысы мен куәгерлердің айғақтары марқұмның жүктілігін және қылмыстың ауырлығын дәлелдеді.
Прокуратура күдіктіге 18 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрағанымен, сот оның кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескеріп, ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 4-тармағына (“жүкті әйелді өлтіру”) сәйкес ең төменгі жаза - 15 жыл түрме үкімін кесті. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Бұл - соңғы уақытта тіркелген жүкті әйелдерге қарсы жасалған жалғыз ауыр қылмыс емес. Бұған дейін Жетісу облысының Баласаз ауылында 32 жастағы Айзат Жуманова есімді жүкті келіншек қатыгездікпен қаза тапқан. Туыстарының айтуынша, күйеуі оны бірнеше сағат бойы азаптап, кейін аттың шанағына байлап, жермен сүйреткен.
Дегенмен тергеу бұл істі “абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіру, соның салдарынан өлімге әкелу” бабымен қарастырып жатыр. Марқұмның жақындары істі “ерекше қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру” ретінде қайта саралауды талап етуде.