Жамбыл облысында ауруханаға іші ауырып, жүрек айныған 18 жастағы қыз жеткізілді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше іш қуысын УДЗ зерттеуі барысында асқазанда бөгде зат бар екені анықталған. Трихобезоар диагнозы гастроскопия мен компьютерлік томография нәтижесінде нақтыланды.
«Науқасқа жалпы анестезиямен лапаротомия жасалып, асқазан қуысынан ұзындығы 30 сантиметрден асатын тығыз шаш түйіні алынды», - деп жазылған хабарламада.
Ота сәтті өтті, ешқандай асқыну тіркелмеді. Екінші күні науқас сұйық тағам іше бастаса, бесінші күні тиісті ұсыныстармен үйіне шығарылды.
Операцияны хирургия бөлімінің меңгерушісі Ержан Есімов жетекшілік еткен хирургтер бригадасы, анестезиолог, операциялық медбике және операциядан кейінгі бақылау тобы бірлесе жүргізді.