Жылжымайтын мүлікке қатысты қызмет көлемі биыл ерекше жылдамдықпен өсіп жатыр. Биылғы жылдың алғашқы 6 айында бұл сектордың жалпы көлемі 1,4 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 42,6 пайызға көп, деп жазады Ozgeris.info.
Мұндай серпінді өсім кейінгі жылдары қалыпты құбылысқа айналды, себебі Ұлттық статистика бюросының дерегін қарасақ, бұл сала соңғы 5 жыл бойы үздіксіз көтеріліп келеді. Тек пандемия басталған кезде 12 пайызға төмендеу болған, ал кейін жыл сайынғы өсім 20-39 пайыз аралығында тұрақтап қалды.
Өңірлердің ішінде Алматы анық алға шықты. Ел бойынша тіркелген өсімнің ең негізгі бөлігі осы қалаға тиесілі. 2025 жылдың алғашқы жартысында Алматы қызмет көлемін 73,8 пайызға ұлғайтып, 608,8 млрд теңгеге жеткізді. Бұл – республика нарығының 44,2 пайызы. Екінші орында Астана тұр – 257,1 млрд теңге, өсімі 26,7 пайыз. Ал алғашқы бестікке Шығыс Қазақстан, Атырау және Қарағанды облыстары енді.
Саладағы ең табысты бағыт – тұрғын үйді жалға беру және оны басқару. Бұл қызмет көлемі 681,5 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 29,6 пайызға артты. Офистік ғимараттарды жалға беру де өз орнын сақтап тұр, бірақ көлемі 3 есе аз – 180,9 млрд теңге. Ең таңғаларлық өзгеріс сауда және көпфункциялы орталықтарда. Бұл сегмент бір жылда 7 есеге жуық өсіп, 24,9 млрд теңгеден 176,3 млрд теңгеге дейін көтерілді.
Қызметтің осылай көбеюіне бірнеше себеп әсер етті. Ең алдымен жалға алу бағасы қымбаттады, бірақ аса қатты емес – 4 пен 10,5 пайыз аралығында. Екінші жағынан жалға берілетін нысандардың саны да, жалпы ауданы да айтарлықтай өсті. 2025 жылы пайдалануға берілген жаңа коммерциялық ғимараттардың ауданы 2,2 есе артқан. Былтырғы 2,3 млн шаршы метр биыл 4,9 млн шаршы метрге жетті. Соның ішінде сауда нысандары 59,3 пайызға, мәдени ойын-сауық орындары 84,4 пайызға, ал офис ғимараттары 22,5 пайызға ұлғайды.
Нарықтың ішінде құрылым да өзгеріп жатыр. Соңғы 1 жылда қызмет көрсетушілер саны 28 пайызға азайып, жалпы 6,9 мың компания мен кәсіпкер ғана қалған. 2024 жылы 4,3 мың жеке кәсіпкер тіркелгенімен, олардың үлесі 27,1 пайыз болып шықты. Ал қызметтің 72,9 пайызы заңды тұлғаларға тиесілі.
Жалға беру нарығы осылай біртіндеп жаңа деңгейге өтіп барады. Бір жағынан бағаның өсуі, екінші жағынан жаңа нысандардың көптеп салынуы, үшінші жағынан кәсіп жүргізу құрылымының өзгеруі осы саланы қызу қозғалысқа салып отыр. Бәрінің басын қосқанда, нарық әлі де өсім көрсететінін аңғаруға болады.