💰 Экономика

Жалдамалы пәтердегі депозит: заң не дейді?

Жалдамалы пәтердегі депозит: заң не дейді?

Krisha.kz дерегіне сүйенсек, жалдамалы пәтер іздеген азаматтар жиі бір талапқа тап болады. Ол, әрине – депозит төлеу. Пәтер иелері бұл соманы жалға алушы кенеттен көшіп кетсе немесе мүлікке зиян келтірсе, шығынды өтеу үшін кепіл ретінде алады. Алайда бұл талаптың заңдық мәртебесі қандай және оны төлеу міндетті ме деген сұрақ көпшілікті алаңдатады, деп жазады Ozgeris.info.

Заңгерлердің айтуынша, депозит – міндетті емес, ерікті төлем. Яғни, ол ешқандай заң актілерімен тікелей реттелмейді. Бұл тараптардың өзара келісіміне байланысты. Сондықтан жалға алушы депозит төлеуге келісуі де, бас тартуы да мүмкін. Тіпті оның мөлшерін азайту туралы да келіссөз жүргізе алады. Заңгер Бақыт Қасымбеков бұл мәселені былай түсіндіреді:

«Депозит тараптардың еркімен рәсімделеді. Егер жалға беруші оны талап етсе, жалға алушы келісуі де, келіспеуі де немесе соманы азайтуды ұсынуы мүмкін. Мұның бәрі келісімге байланысты. Дегенмен тәжірибе басқаша. Қазіргі нарықта пәтер иелерінің басым бөлігі депозит талап етеді. Тіпті депозитсіз пәтер табу іс жүзінде қиын. Көп жағдайда оның мөлшері бір айлық жалдау ақысына тең болады».

Мұндай жағдайда ең маңыздысы – депозиттің шарттарын нақты көрсету. Заңгерлер жалдау шартында депозиттің қандай жағдайда ұсталып қалатынын және қандай жағдайда қайтарылатынын толық жазып шығуға кеңес береді. Құжатта депозит сомасы нақты көрсетіліп, цифрмен де, жазбаша да жазылуы тиіс. Ал Заңгер Анара Отбасарова бұл тұрғыда шарт өте маңызды деп отыр. 

«Шарт сіздің құқықтарыңызды қорғайды. Уақыт бөліп, барлық талапты өзіңізге қолайлы етіп жазып алыңыз. Жалға алу шартында жалға алушы жалдау ақысынан бөлек депозит енгізетіні нақты көрсетілуге тиіс. Сонымен қатар шартта депозиттің қандай жағдайда ұсталып қалатыны да нақты жазылуы керек. Мысалы, жиһаз немесе тұрмыстық техника бүлінсе, оның құны депозит есебінен ұсталады. Ал егер жалдау мерзімі аяқталған кезде ешқандай зиян келтірілмесе, коммуналдық төлемдер мен жалдау ақысы толық өтелсе, депозит толық көлемде қайтарылады», дейді.

Кей жағдайларда депозитті соңғы айдың жалдау ақысы ретінде пайдалану туралы да келісім жасауға болады. Бұдан бөлек, шартта келісімді мерзімінен бұрын бұзған жағдайда депозиттің тағдыры қалай болатыны көрсетілуі тиіс. Әдетте, жалға алушы келісім мерзімінен бұрын көшіп кетсе, депозит пәтер иесінде қалады. Бұл – оның тәуекелін жабу үшін қарастырылған.

Тағы бір маңызды мәселе – ақшаны беру тәртібі. Егер депозит банк арқылы аударылса, төлемнің мақсатын нақты көрсету қажет. Ал қолма-қол берілген жағдайда міндетті түрде қолхат алу керек. Ең сенімді тәсіл – пәтер иесі жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, төлем қабылдағанда фискалдық чек беруі.

Депозиттің қайтарылмауына себеп болатын жағдайлар да бар. Егер жалға алушы келісімді бұзып, күтпеген жерден көшіп кетсе, коммуналдық төлемдер бойынша қарызы болса немесе пәтерді тапсырған кезде мүлік бүлінгені анықталса, депозит қайтарылмайды.

Алайда мүліктің бүлінгенін дәлелдеу қажет. Бұл жерде қабылдау-тапсыру актісінің маңызы зор. Мұндай құжат жалға алушы пәтерге кірген кезде жасалуы тиіс. Онда пәтердегі барлық жиһаз бен техниканың тізімі, саны, маркасы және ең бастысы – олардың жағдайы көрсетіледі. Егер қандай да бір ақау бұрыннан бар болса, ол да міндетті түрде жазылады.

«Жалға алушыны негізсіз айыптап, депозитті ұстап қалуға болмайды. Мұндай жағдайда дәлел қажет. Сондықтан қабылдау-тапсыру актісін дұрыс рәсімдеу өте маңызды», деп атап өтті Анара Отбасарова.

Изображение пина-истории

Егер барлық шарт орындалғанына қарамастан пәтер иесі депозитті қайтарудан бас тартса, жалға алушының заңды құқығы бар. Мұндай жағдайда екі жол ұсынылады. Біріншісі – депозит сомасына тең уақыт бойы пәтерде жалдау ақысыз тұру. Екіншісі – жалға берушіге досудебная талап-арыз жазып, нақты мерзім ішінде депозитті қайтаруды талап ету. Егер көрсетілген мерзімде қаражат қайтарылмаса, сотқа жүгінуге болады.

«Егер пәтер иесі негізсіз депозитті қайтармаса, жалға алушы жалдау ақы төлемей белгілі бір уақыт тұра алады немесе досудебная талап-арыз жазып, кейін сотқа жүгіне алады», дейді бұл жөнінде Бақыт Қасымбеков.

 

 

Барлық жаңалық