Жаңалықтар

«Ит атамын деп, адам атты»: Бурабайда қаңғыбас иттерді ату кезінде қызметкер әріптесін жаралады

«Ит атамын деп, адам атты»: Бурабайда қаңғыбас иттерді ату кезінде қызметкер әріптесін жаралады

Ақмола облысының Бурабай ауданында қаңғыбас иттерді жою жұмыстары барысында жазатайым оқиға орын алды. Кәсіпорын қызметкерлерінің бірі қауіпсіздік талаптарын сақтамау салдарынан әріптесін абайсызда атып алған, деп хабарлайды Оzgeris.info сайты Alash.kz сайтына сілтемемен.

 

Оқиға аудан аумағында орналасқан кәсіпорындардың бірінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, қаңғыбас иттерді ату кезінде атылған оқ қызметкердің әріптесінің аяғына тиген.

 

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, зардап шеккен азамат оқ жарақатымен Бурабай аудандық ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалап отыр.

 

«Науқастың өміріне қауіп жоқ. Ол медициналық бақылауға алынды», – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.

 

Аталған дерек бойынша Ақмола облыстық полиция департаменті абайсызда денсаулыққа зиян келтіру және жануарларға қатыгездік көрсету фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тиісті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.

 

Сонымен қатар, құқық қорғау органдары оқиға кезінде пайдаланылған қаруды тексеріп, оның заңдылығы мен техникалық жағдайын анықтауда.

Барлық жаңалық