ACA ұйымының экс-чемпионы Альберт Туменов UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпионы Ислам Махачев үшін қазіргі таңда ең қиын қарсылас қазақстандық Шавкат Рахмонов болуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Оzgeris.info ақпарат порталы 1bol.kz-ке сілтеме жасап.
Туменовтің пікірінше, Рахмонов жартылай орта салмақтағы ең мықты файтерлердің бірі саналады және оның әлеуеті чемпиондық деңгейге толық сай келеді.
«Менің ойымша, Ислам үшін ең қауіпті қарсылас – Шавкат Рахмонов. Камару Усманның жасы келіп қалды, ал қазіргі спорттық бабын нақты бағалау қиын. Егер UFC басшылығы қаласа, Рахмоновты бірден осы жекпе-жекке шығара алады. Дегенмен, оның ауыр жарақаттан кейін ұзақ үзіліс жасағанын ескерсек, алдымен тағы бір кездесу өткізгені дұрыс шешім болуы мүмкін. Шавкат әлі жас, чемпиондық белбеуге асықпай, біртіндеп жақындауға толық мүмкіндігі бар», – деді Туменов.
Сондай-ақ ол Рахмоновтың дәл қазір Махачевпен жұдырықтасуы қоғамдық пікірге де әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.
«Егер оны қазір Исламмен шығарса, кейбір сыншылар “ол әлі толық дайын емес” деп айтуы мүмкін. Алайда жанкүйерлердің басым бөлігі бұл жекпе-жекті асыға күтетіні сөзсіз», – деп қосты экс-чемпион.
Айта кетейік, қазіргі таңда UFC-дің жартылай орта салмақтағы рейтингінде екінші орында тұрған Шавкат Рахмонов кәсіби мансабында 19 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен және әлі бірде-бір рет жеңілмеген. Ал Ислам Махачевтің еншісінде 28 жеңіс пен 1 жеңіліс бар.