Шоу-бизнес

"Ішқұса болды, қатты шектеді": Спорт журналисі Амангелді Сейітханға қандай қиянат жасалғанын айтты

"Ішқұса болды, қатты шектеді": Спорт журналисі Амангелді Сейітханға қандай қиянат жасалғанын айтты

Спорт журналисі Телжан Күдеров Амангелді Сейітхан туралы естелігімен бөлісті. Ол ”El kz”-ке берген сұхбатында марқұмға қиянат жасалғанын айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты. 

”Амангелдіні эфирден алып тастады, жарыстарға бармай қалды. 2018 жылы Пхёнчхан соңғы Олимпиадасы болды. Оның өзінде сол кездегі вице-министр Сәкен Мұсайбеков маған “Амангелдіні алып келіңізші” деп тізімге қостырды. Ол кезде “Хабар” тарапынан Амангелдіні жібермейміз деді. Ол тіпті “еңбек демалысын алып барамын, жарысты көрейінші” деген еді. “Хабар” арнасының сол уақыттағы басшылығы “жарысқа шықпа, барма деп, эфир бермеді” деді. 2004-тен бастап, Амангелдіні эфирден алып тастады. Ашық айтты, қатты айтты деген шектеулер болғандықтан ол кісі қиыншылық көрді. Жүріп қалған адам барғысы келеді, көргісі келеді. Сол кезде Амангелді ішқұса болды, ашылмай қалды. Бірақ енді тікелей келген ажал ғой. Бірақ соның бәрі жүйкесіне әсер етті деп айтады. Қиянат жасалды ғой. Өйткені, ол бүкіл жан-дүниесін эфирге салатын. Жарты сағат трансляция жасаса, жеңілдеп қалатын. 1998-2002 жылғы әлем чемпионаттарын қалай жүргізді?! Сол кезден бастап қысым көре бастады. Әрине, ол адамның жүйкесіне әсер етеді. Белден басуға, біреуді нақақтан нақақ жазалағанға шыдамайтын. Бірден ашуы көтеріліп шыға келетін. Ал ондай адамды кім жақсы көрсін?!”, — дейді ол.

Сондай-ақ, ол Амангелді Сейітханның патриоттық қырына да тоқталды. 

”Бізге 1,5-ақ минут беретін. Сонда бізге “дайын материалды бере берсеңдерші” десе, Амангелді “жоқ, біз ұлттық спортты береміз” деп бәйгені, сапасыз видео болса да қазақ балалары жүлде алған жаңалықты беретін. 2000-2004 жылдар аралығында солай жұмыс істедік”, — дейді Телжан Күдеров. 

Еске сала кетейік, қазақ телевизиясының  ардагері, спорт комментаторы Амангелді Сейітхан 2021 жылы 52 жасында дүниеден озды.

Барлық жаңалық