Қазақстан соңғы жылдары инвестициялық саясатында жаңа бағытқа бет бұрды. Егер бұған дейін негізгі мақсат инвестиция көлемін арттыру болса, енді басымдық оның сапасына беріліп отыр. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, бұл тәсіл ел экономикасының тұрақты дамуына және ұзақ мерзімді өсімге жол ашады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда инвестиция тартудың жаңа моделі қалыптасуда. Енді басты назар өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға, өндірісті жергіліктендіруге, заманауи технологияларды енгізуге және жоғары қосылған құны бар өнім шығаратын кәсіпорындарды көбейтуге аударылып жатыр.
Сарапшылар Қазақстанның инвесторлар үшін тартымдылығын арттыратын үш негізгі артықшылықты атап өтті.
Біріншіден, Қазақстан – Орталық Азиядағы ең ірі экономика. Бұл инвесторларға қарқынды дамып келе жатқан өңірлік нарыққа шығуға мүмкіндік береді.
Екіншіден, елдің Қытай, Ресей, Кавказ және Еуропа арасындағы тиімді географиялық орналасуы Қазақстанды Еуразиядағы маңызды көлік-логистикалық хабтардың біріне айналдырып отыр.
Үшіншіден, жаһандық экономикадағы тұрақсыздыққа қарамастан, Қазақстан макроэкономикалық тұрақтылығын сақтап келеді. Бұл халықаралық инвесторлар үшін маңызды факторлардың бірі саналады.
Инвестиция тартудың жаңа тетіктері іске қосылды
Жаңа инвестициялық саясат аясында бизнесті қолдайтын бірнеше маңызды құрал енгізілді. Олардың қатарында Инвестициялық штаб, Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа және шетелдік инвесторлар, кәсіпкерлер мен жоғары білікті мамандарға арналған Altyn Visa бағдарламасы бар.
Сарапшылардың пікірінше, қазіргі әлемде мемлекеттер тек қаржы үшін емес, технология, инновация және талантты мамандар үшін де бәсекеге түсуде. Қазақстан осы бағыттағы реформаларды жүйелі түрде жалғастырып келеді.
Халықаралық рейтингтер Қазақстанның позициясын нығайтты
Қазақстан Орталық Азиядағы тікелей шетелдік инвестициялардың ең ірі қабылдаушысы мәртебесін сақтап отыр. Елге тартылған инвестиция көлемі өңірдегі жалпы инвестицияның басым бөлігін құрайды.
Халықаралық рейтингтік агенттіктер де Қазақстанның инвестициялық сенімділігін жоғары бағалауын жалғастыруда.
- Fitch Ratings – BBB, болжамы – тұрақты;
- S&P Global Ratings – BBB, болжамы – оң;
- Moody's – Baa1, болжамы – оң.
Сарапшылардың айтуынша, әлемдегі жетекші рейтингтік агенттіктердің ұқсас бағасы Қазақстан экономикасының тұрақтылығы мен мемлекеттік қаржы жүйесінің сенімділігін көрсетеді.
Қазақстан халықаралық рейтингтерде жоғарылап келеді
Еліміздің көрсеткіштері басқа да халықаралық рейтингтерде жақсарып жатыр.
IMD World Competitiveness Ranking рейтингінде Қазақстан 2025 жылдың қорытындысы бойынша 34-орынға көтерілді. Бұл – 2023 жылмен салыстырғанда үш саты жоғары көрсеткіш.
Ал Global Peace Index 2025 рейтингінде Қазақстан 61-орыннан 56-орынға көтерілді. Халықаралық бизнес қауымдастығы мұны ұзақ мерзімді тәуекелдердің азайғанының белгісі ретінде бағалайды.
Сонымен қатар Қазақстан Sustainable Development Report рейтингінде 169 елдің ішінде 67-орынға жайғасты. Бұл рейтинг экономикалық даму, білім беру, денсаулық сақтау, экология, мемлекеттік институттардың сапасы және халықтың әл-ауқаты сияқты 123 көрсеткіш бойынша есептеледі. Осы индикаторлар бойынша Қазақстан Түркия, Үндістан, Индонезия, Мексика, Сауд Арабиясы және Оңтүстік Африка секілді бірқатар ірі дамушы елдерді басып озды.
Сенім – жаңа экономикалық капитал
Investing.com сарапшылары рейтингтердің өзі мақсат емес екенін атап өтеді. Алайда олар инвесторларға елдің тәуекел деңгейін тәуелсіз бағалауға мүмкіндік береді, капитал тарту құнын төмендетеді және халықаралық компаниялардың жаңа жобаларды іске қосуға қызығушылығын арттырады.
Басылымның қорытындысында қазіргі жаһандық экономикада сенімнің жаңа стратегиялық ресурсқа айналғаны айтылған. Дәл осы сенім капиталдың қай елге бағытталатынын және экономиканың қаншалықты қарқынды дамитынын айқындайтын негізгі факторлардың біріне айналып отыр.