💰 Экономика

Инвестициядан нәтиже неге жоқ?

Инвестициядан нәтиже неге жоқ?

Инвестицияға қызығушылық айтарлықтай артты. Әлеуметтік желілерде, түрлі платформаларда қаржы құралдары туралы ақпарат көбейді. Дегенмен соған қарамастан, көпшілік үшін инвестиция нақты табыс көзіне айнала қойған жоқ. Бірі қаржысынан айырылады, енді бірі жылдар бойы нәтиже күтумен уақыт өткізеді. Мұның себебі неде? Қаржы сауаты артқан заманда неге нәтиже жоқ?

Инвестор Аман Әлімбаев бұл құбылысты ең алдымен ақпарат кеңістігіндегі ретсіздікпен байланыстырады. Оның айтуынша, инвестиция ұғымының өзі бұрмаланып кеткен.

«Интернетте инвестиция туралы ақпарат өте көп, тіпті шамадан тыс деуге болады. Бүгінде инвестиция деп кез келген нәрсені атай береді. Бізді жан-жақтан өзіңе инвестиция жаса, болашағыңа инвестиция жаса деген ұрандар қоршап алған. Әртүрлі инвестициялық идеялар ұсынылады, кейбірі қиялдағыдай табыс уәде етеді, енді бірі капиталды жүз пайыз қорғауға кепілдік береді. Қаржы әлемінен алыс адамдардың өзі инвестициядан қалай табыс тапқанын айтып, тәжірибесімен бөліседі. Мұндай жағдайда қарапайым адамға шынайы ақпарат пен иллюзияны ажырату қиын», дейді ол.

Шынында да, ақпараттың көптігі әрдайым сапа дегенді білдірмейді. Керісінше, бағытсыз әрекетке итермелеуі мүмкін. Көпшілік инвестицияны жүйелі жоспар емес, жылдам табыс көзі ретінде қабылдайды. Мұндай түсінік алғашқы қадамдардың өзінде қателікке әкеледі.

«Адамдар көбіне алғашқы табыстан немесе таныстарының жетістігінен шабыт алып, инвестицияға кіріседі. Бірақ не істеп жатқанын толық түсінбейді. Әр табысты мәміледен кейін оған белгілі бір әдіс ойлап табады. Мысалы, 100 мың теңгеден бастап, 10 жылда 100 миллион жинау туралы ұсыныстарды көрдім. Ол үшін әр мәміледен 100 пайыз табыс табу керек дейді. Жылдық емес, әр мәміледен. Әрине, мұндай тәсілдің шынайылыққа еш қатысы жоқ. Бірақ адамдар дәл осындай қарапайым әрі түсінікті формулаларға сенгісі келеді», дейді инвестор.

Picture background

Бұл жерде мәселе тек білімнің жетіспеушілігінде емес, психологиялық факторда да жатыр. Адам табиғаты тез нәтиже күтеді. Ал инвестиция керісінше ұзақ мерзімді тәртіп пен сабырды талап етеді. Алғашқы сәтсіздік көп жағдайда шешуші кезеңге айналады. Дәл осы жерде инвесторлардың басым бөлігі қателік жібереді. Бірі нарықтан толықтай кетсе, енді бірі жүйесіз әрекетті жалғастыра береді.

«Алғашқы сәтсіздіктен кейін адамдардың бір бөлігі инвестицияға деген сенімін жоғалтады. Олар үшін бұл бір реттік тәжірибе болып қалады. Ал кейбіреулер керісінше, сол бір “дұрыс тәсілді” іздеп, қайта-қайта қателеседі. Тағы бір топ бар: олар үнемі оқиды, зерттейді, бірақ нақты әрекетке көшпейді. Қолайлы сәтті, қолайлы капиталды күтумен жылдарды өткізіп алады. Үшеуі де дұрыс жол емес», дейді Аман Әлімбаев.

Журналистік тұрғыдан алғанда, бұл үш түрлі сценарийдің түйіні бір: жүйенің жоқтығы. Бірі асығыс шешім қабылдайды, бірі тым сақтық танытады, үшіншісі шешім қабылдаудан қашады. Ал қаржы нарығы эмоция емес, тәртіп пен стратегияны талап етеді. Сарапшы тағы бір өзекті мәселені көтереді. Қаржы нарығында кәсіби деңгейі төмен делдалдардың көбеюі жағдайды күрделендіріп отыр.

«Қазіргі таңда өзін маман ретінде таныстыратын адамдар өте көп. Бірақ олардың барлығы бірдей кәсіби емес. Тіпті алаяқтық белгілері бар ұсыныстар да жиі кездеседі. Мұндай “кеңесшілердің” көмегімен сіз тек ақшаны тезірек жоғалтуыңыз мүмкін. Ең жақсы жағдайда олардың нәтижесі сіздің өз бетіңізше жасаған инвестицияңыздан да төмен болады. Сондықтан инвестицияда ең қауіпті тәуекелдердің бірі дұрыс емес адамға сену», дейді ол.

Бұл пікір инвестициядағы басты қауіп тек нарықта емес, адам факторы екенін көрсетеді. Ақпарат пен кеңес көзін дұрыс таңдамау тікелей қаржылық шығынға әкелуі мүмкін. Осының бәрі түптеп келгенде бір нәтижеге әкеледі. Инвестициядан нәтиже жоқ, уақыт кеткен, ал сенім әлсіреген.

Picture background

«Нәтижесінде адамдар ақшасынан айырылады, уақытын жоғалтады, жүйкесі тозады. Кейде бұл отбасылық мәселелерге де алып келеді. Уақыт өте келе адам зейнет жасына жақындайды, бірақ табыс та, жинақ та жоқ жағдай қалыптасады. Бұл ең қауіпті сценарийлердің бірі», дейді инвестор.

Осындай жағдайда негізгі сұрақ туындайды: онда дұрыс жол қандай? Қалай инвестиция жасау керек? Аман Әлімбаев бұл сұраққа күрделі емес, бірақ тәртіпке негізделген жауап ұсынады. Оның айтуынша, инвестицияны шамадан тыс қиындатудың қажеті жоқ.

«Ақшаны инвестициялау тұрғысынан алғанда, адамдардың 99 пайызы үшін ең тиімді шешім әртараптандырылған 2 немесе 3 инвестициялық портфельді таңдау. Оларды белгілі бір үлеспен ұстап, айына немесе тоқсанына бір рет сатып алу жеткілікті. Мұндай тәсілге көп уақыт кетпеуі керек. Тоқсан сайын 30 минут жеткілікті. Егер сіз инвестицияға айына 10 минуттан артық уақыт жұмсап жүрсеңіз, онда бұл туралы ойлану керек. Себебі уақытты артық жұмсау нәтиже бермейді», дейді ол.

Дегенмен сарапшының айтуынша, бұл инвестиция жолындағы ең маңызды нәрсе емес. Негізгі басымдық мүлде басқа бағытта болуы тиіс.

«Ең маңызды инвестиция білім мен денсаулық. Адам өз кәсіби деңгейін арттырса, табысы өседі. Ал денсаулық энергияның көзі. Энергия мен білім қосылғанда табыс артады. Ал артылған табысты қарапайым тәсілмен инвестициялау керек. Капитал қор нарығында емес, оның сыртында қалыптасады. Сондықтан адамдар қаржы жаңалықтарын бақылап, пайыздық мөлшерлемені болжауға уақыт жұмсамауы керек. Оның орнына өзіне әсер ете алатын нәрсеге назар аударған дұрыс», дейді Аман Әлімбаев.

 

Барлық жаңалық