Бүгінде инвестиция үшін күрес әлемдік экономиканың басты бәсекесіне айналды. Қай елді алып қарасаңыз да, басшылары мен экономикалық штабтары шетелдік капиталды тартуға тырысып жатыр, деп жазады Ozgeris.info.
Тіпті экономикасы мықты АҚШ-тың өзі шетелдік инвестицияға мұқтаж. Жақында Дональд Трамптың араб елдеріне барып, инвестициялық келісімдер жасауы соның бір дәлелі. Бұл тәжірибе Қазақстанға да тән. Өйткені елге сырттан қосымша қаражат келсе, жаңа жобалар ашылады, жаңа жұмыс орындары пайда болады, ал бұл өз кезегінде салық түсімдері мен экономикалық айналымды арттырады.
Экономист Айбар Олжаевтың айтуынша, инвестиция экономиканың жүрегі. Сондықтан да мемлекетіміз осы игіліктің тынысын ашса, өрге басады.
«Инвестиция – тек ақша емес, ол елге сенім. Егер шетелдік компаниялар сіздің нарығыңызға ақша салып жатса, демек, олар сіздің болашағыңызға сеніп отыр деген сөз. Кейінгі жылдары Қазақстан бұл сенімді қайта қалыптастыра бастады. Ресми мәліметтер де осыны растайды. 2025 жылдың алғашқы жартысында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 19,3 пайызға өскен. Ал өңдеу өнеркәсібіндегі өсім одан да жоғары 48,9 пайыз. Бұл өндірістің қайта жанданып, жаңа зауыттар мен фабрикалардың іске қосылып жатқанын көрсетеді. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім кез келген ел үшін стратегиялық жетістік. Себебі бұл сала шикізатты өңдеп, дайын өнім шығарады. Дайын өнім болса экспорт, ал экспорт болса тұрақты табыс», дейді экономист.
Инвестициялық белсенділіктің артуы елдегі іскерлік ахуалдың жақсарғанын да көрсетіп отыр. Бұған екінші деңгейлі банктердің бизнеске несие беру көлемін ұлғайтуы да айтарлықтай әсер еткен. Сонымен бірге мемлекет қолға алған ірі инфрақұрылымдық жобалар мен жаңа бағдарламалар экономикалық серпінді күшейтіп отыр. Соның бірі «Инвестицияларға айырбасталатын тариф» және «Келешек мектептері» бағдарламалары.
Бұл бастамалар аймақтардың дамуына, жаңа нысандар салуға, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашып отыр.

«Мемлекет пен жеке сектор бірлесіп жұмыс істей бастағанда ғана инвестиция шын мәнінде тиімді бола алады. Қазір біз осы серіктестік мәдениетін қалыптастырып келеміз. Бұл ұзақ мерзімді нәтиже беретін бағыт», дейді Айбар Олжаев.
Тұрғын үй құрылысы да инвестиция тарту тұрғысынан маңызды салаға айналды. Биылғы жылдың алғашқы бес айында бұл бағыттағы инвестициялар 12,3 пайызға өсіп, 1 триллион 176 миллиард теңгеге жеткен. Сарапшының пікірінше, тұрғын үй секторы ел экономикасының өзін-өзі қамтамасыз ете алатын саласының бірі.
«Құрылыс – экономикадағы мультипликатор сала. Бір үйдің бой көтеруімен бірге цемент, металл, жиһаз, техника, логистика сияқты ондаған бағыт дамиды. Сондықтан бұл саланың өсуі жалпы экономикалық белсенділікті арттырады», дейді экономист.
Айбар Олжаевтың айтуынша, инвестициялық климат тұрақты болу үшін ең алдымен макроэкономикалық саясат айқын әрі болжамды болуы тиіс.
«Инвесторға тұрақтылық керек. Заң бір күнде өзгермеуі керек. Салық саясаты да, тарифтік жүйе де алдын ала жоспарланған болуы қажет. Егер осы тепе-теңдік сақталса, Қазақстанға капиталдың ағылуы жалғаса береді», деп түйіндеді сарапшы.