Абай облысы

«Интимдік фотолар сұрады»: Семейде 9 жасар балаға жазып жүрген күдікті ұсталды

«Интимдік фотолар сұрады»: Семейде 9 жасар балаға жазып жүрген күдікті ұсталды

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан кейін Абай облысында кәмелет жасқа толмаған балаға әдепсіз мазмұндағы хабарламалар жазған ер адам анықталып, полицияға жеткізілді деп хабарлайды Оzgeris.info.

 

Астана қаласының тұрғыны әлеуметтік желіде видео жариялап, онда өзінің тоғыз жастағы ұлына бейтаныс ер адамның хат жазғанын мәлімдеген. Оның айтуынша, белгісіз тұлға балаға әдепсіз мазмұндағы хабарламалар жолдап, интимдік сипаттағы фотосуреттер талап еткен. Күдіктінің Семей қаласында тұруы мүмкін екені айтылған.

 

Аталған жазбаны көрген Абай облысының полиция қызметкерлері жедел әрекет етіп, күдіктіні анықтап, оны полиция бөліміне жеткізді.Абай облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тексеру жүргізіліп жатыр. Тексеру нәтижесі бойынша күдіктінің әрекетіне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық баға беріледі.

 

Сонымен қатар, 42 жастағы ер адамды денсаулығына байланысты арнайы медициналық мекемеге орналастыру мәселесі қарастырылуда. Аталған іс облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.

 

Полиция өкілдері балалардың қауіпсіздігіне, соның ішінде интернет кеңістігіндегі қауіпсіздігіне қауіп төндіретін кез келген әрекет заң аясында қатаң түрде тоқтатылатынын атап өтті.

Барлық жаңалық