Онлайн-казино жарнамасы, жалған ұтыстар және пайдасыз курстар – қазақстандық инфлюенсерлердің жаңа табыс көзіне айналғанына біраз уақыт болды. Десе де халық алданғанды жақсы көреді. Жылтыр жарнамаға сеніп, кейін қарызға батып жатқандар да бар. Ozgeris.info тілшісі халықты алаңдатып қойған блогерлердің қулығын әшкерелейтін материал ұсынады.
Жылтыр жарнама, жылаған халық
Қазақстанда онлайн-казино жарнамасы блогерлердің табыс көзіне айналды. Қаржы мониторингі агенттігінің дерегінше, жыл басынан бері мұндай заңсыз әрекетке 34 блогер қатысқан. Олардың кейбірі жазаланса да, мәселе жыл өткен сайын тек ушығып барады.
Мәселен, 2,5 миллион жазылушысы бар Қайсар Қамза сәнді өмірін көрсетумен қатар құмар ойындарды ашық насихаттайтын блогерлердің бірі.
«Ол өз Telegram-арнасында заңсыз ойындарға қатысуды жүйелі түрде насихаттап, циникалық әрі ашық деструктивті қызметпен айналысуда. Ол онлайн-казиноға тіркелу бойынша егжей-тегжейлі нұсқаулықтар таратып, жалған «жеңімпаздар» мен олардың жасанды ұтыстарын көрсететін бейнероликтер жариялайды. Осылайша аудиториясын терең адастырады. Ал жарнамадан түскен кірістерін ол көзге көрсетіп, сән-салтанатты өмірге жұмсайды – Оңтүстік-Шығыс Азияда, БАӘ-де, Түркияда және өзге елдердегі қымбат қонақүйлерге тоқтап, жиі саяхаттайды», - делінген хабарламада.
Отбасылық контентімен танымал, 1,7 миллион оқырманы бар Деляра Аманқосқызы да ұялмай халықты азғындыққа итермелеп жүр. Ол ұтып алған ақшасын көрсетіп, өз атынан промокод ұсынады. Осындай контентпен халықтың сеніміне кірген ол, ұялмай казиноға шақырып жүр. Дәл осылай әрекет ететін блогерлердің қатарында Арина Байкова да бар.
Ең сорақысы, олардың жазылушыларының арасында кәмелетке толмағандар да бар. Осылайша қазақстандық блогерлер халықты жылатып, миллиондарын ар-ұятсыз тауап жатыр.
Блогерлерден бөлек, онлайн казино жарнама жасауды қоғам белсенділеріне де ұсынады екен. Мысалы, киберқауіпсіздік маманы Евгений Питолинге бір кездері онлайн-казиноны жарнамалау үшін 1 миллион теңге ұсынылған. Ол бас тартыпты. Алайда танымал блогерлерге бұдан бірнеше есе көп қаржы төленетінін айтады.
«Онлайн-казиноға кірген адамдар қаржысынан ғана емес, жеке деректерінен де айырылуы мүмкін. Ал алаяқтар үшін бұл таптырмас мүмкіндік», – дейді маман.
ҚМА тізімінде рэп-орындаушы Баллер де бар. Ол осыған дейін бес рет жауапқа тартылған. Сондай-ақ музыкант Ринат Шамшырақ пен басқа да танымал тұлғалардың аты аталады.
Бұл жарнамалардан блогерлердің табысы орасан. Мысалы, трансгендер-блогер Niko_nett онлайн казиноны жарнамалағаны үшін 8 миллион теңге, Нұрқазы Тоқтаров (Nakonay Qarapaiym) 15 миллион теңге тапқан. ҚМА-ның мәліметінше, ол тапқан 15,8 млн-ның жартысына жуығын өзі жарнамалаған сол платформаларда ұтылып қалған.
Қаржы мониторингі агенттігі онлайн-казино жарнамасын қаржылық пирамидаларды насихаттаумен теңестіріп, оған қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынып отыр.
Жарнама берушілерден күдікті ұсыныстар түскен жағдайда ҚМА дереу «AFM Insider» Telegram-боты арқылы хабарлау қажеттігін, анонимдікке кепілдік берілетінін мәлімдеді.
Автокөлік ұтыстары: «арзан айла» ма, әлде бизнес пе?
Жалған сенім таратудың тағы бір тәсілі – ұтыстар мен гивтер. Бұл жолы ел назарына Ерболат Жанабылов пен жұбайы Эльмира Төлегенова ілікті.
19 тамызда олардың Instagram парақшаларында халықтың сенімін аулайтын жарнама пайда болды.
«Жазылушыларымыздың арасынан 11 адам су жаңа көлік мінеді. Қатысу үшін бір репост жеткілікті», - делінген.
Әрине, жарнамасына миллиондаған адам сеніп, қуанышпен күткен.
Алайда екі күннен кейін күткен эфирдің орнына стористе «Zhana Business» атты ақылы курсқа сілтеме шықты. Бағасы – 30 мың теңге.
Курстың сайтында «ешкім құр қол қалмайды» деп жазылғанымен, іс жүзінде адамдардың қолына нақты білім емес, қымбат «үміт билеті» тиді.
Журналист Назымгүл Күмісбаева бұл жағдайға байланысты Қаржы мониторингі агенттігіне сауал жолдаған:
«Қазақстанда курстарды осылай өткізуге бола ма? Уәде етілген көліктер қайда? Неліктен адамдар білімге емес, құмарлыққа ақша төлеуге мәжбүр?»
Бұл бірінші дау емес. Бұған дейін Жаңабыловтар «гив» ұйымдастырып, 70 демеушінің әрқайсысынан 500 мың теңгеден алған. Барлығы – 35 миллион теңге. Оның 10 миллионы сыйлыққа жұмсалып, қалған 25 миллионы өз қалталарында қалған.
Блогер Нұрболат Өтепов бұл жағдайға ашық пікір білдіріп, халықты алданбауға шақырды.
«Осындай блогерлердің жалған гивтеріне сенетін халықтың сауатын кім ашады? Көлік беремін, тегін таратамын деген желеумен өздерінің ақылы курстарын сатып, байытып жүрсіңдер. Әр курсы - 30 мың. Ал олардың миллиондаған жазылушылары бар, содан қырауар ақша жинап, қыдыратын олар. Ал олардың сабағы не үйретеді сендерге? Қандай мотивация береді? Сол 30 мыңды несиеге алып не пайда көресіздер? Сол ақшаға бір тіршілік бастаңыз. Оларды қазір тексеріп жатыр, сондықтан сене бермеңіздер», - дейді блогер Нұрболат Өтепов.
«Ауа» сатқан бизнес-коуч
Астанада өзін бизнес-коуч деп таныстырған алаяқ әйел 5 жылға сотталды. Ол Instagram арқылы клиент тартып, онлайн-саудаға үйрету курстарын өткізген. Оқыту аяқталған соң, тыңдаушыларға тұрмыстық техниканы көтерме саудалауға қаржы салуды ұсынып, 10 пайыз табыс уәде еткен.
Алайда қаражатты алғаннан кейін уәдесін орындамай, ізім-қайым жоғалған. Әйелдің тұрғындардан алдап алғаны – 50 миллион теңге.
Сотта 10 эпизодтан тұратын алаяқтық қылмыс дәлелденіп, ол 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Осындай оқиғалардан кейін қазір қаптап кеткен бизнес-коучтар халық сенер сенбесін білмейді.
Сарапшылар не дейді?
Қазақстанда инфлюенсерлердің онлайн-курстардан түсетін айналымы 500 миллион доллардан асып, 2 миллиард долларға жетуі мүмкін. Депутат Нартай Сәрсенғалиев мұндай курстарды «бос білімді сатып отырған алаяқтық» деп атады.
«Адамдарды азғындыққа бастайтын жарнамаға баратындарға салынатын айыппұлдарды көбейту керек, одан бөлек оларды әкімшілік жауапкершілікке, қамауға дейін тарту керек. Олар сол парақшасы арқылы күн көріп отыр, сондықтан олардың парақшасын бұғаттайытн болсақ, басқаларға да үлгі болады», - дейді депутат.
Алайда пайдасыз курстарды шектеу туралы нақты заң әлі қабылданған жоқ.
Соңғы екі жарым жылда елде 205 жасырын казино жабылып, 224 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бірақ онлайн-казино жарнамасы мен жалған ұтыстар тоқтамай тұр.
Мәдениет және спорт министрлігі халықты күмәнді гивтерге, онлайн-ұтыстарға және казино жарнамаларына алданбауға шақырады.
Қазір жалған эксперттер мен блогерлердің дәуірі екенін бәрі біледі. Білсе де, қармақтарына оп-оңай түсіп жүр. Ал халықтың жанайқайы бүгінгі қоғамның үлкен мәселесіне айналып барады. Бірі онлайн-казино жарнамалап, екіншісі «тегін көлік» уәдесімен курс сатып, үшіншісі «бизнес-коуч» болып жұртты қарызға батыруда.
Ал шын мәнінде, сарапшылардың пікірінше, заңнан бұрын халықтың сенімі ең үлкен қауіп. Әркім адал тапқан ақшасын «жылтыр уәделерге» емес, нақты іске жұмсамайынша, инфосығандардың қақпаны жабылмайды.