Индонезияның Бали аралында жүргізілген арнайы операция барысында есірткі қылмысына қатысы бар деген күдікпен 36 адам ұсталды. Олардың ішінде 29 әйел мен жеті шетел азаматы бар. Бұл туралы ozgeris.info сайты inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап хабарлады.
Ұсталған шетелдіктер қатарында бір америкалық, екі қазақстандық, екі малайзиялық, бір үндістандық және бір аустралиялық азамат бар.
Индонезияның Ұлттық есірткімен күрес агенттігі басшысының орынбасары Буди Вибовоның мәлімдеуінше, жедел шара нәтижесінде жалпы салмағы 683 885 грамм, яғни 0,68 тоннаға жуық әртүрлі есірткі заттары тәркіленген. Олардың қатарында кристалды метамфетамин, марихуана, экстази, ТГК, гашиш және амфетамин бар. Бұл операция 1,3 миллионнан астам адамның есірткіге қол жеткізуінің алдын алған.
Қазіргі таңда Бали аралында ұсталған екі қазақстандыққа қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Егер олардың есірткі тасымалы мен сатылымына қатысы дәлелденсе, Индонезия заңдары бойынша олар өлім жазасына кесілуі мүмкін. Елде бұл қылмыс түріне қатысты өте қатаң шаралар қарастырылған.
Айта кетейік, Индонезияда шетел азаматтарына өлім жазасын қолдану бұған дейін де бірнеше рет жүзеге асқан. Дегенмен, 2017 жылдан бастап бұл жазаға қатысты мораторий енгізілген болатын. Алайда заңдық тұрғыда өлім жазасы әлі де күшінде.