Технология әлемінің серкесі Илон Маск балаларға ыңғайлы жасанды интеллект құрастыруға кіріскенін мәлімдеді. Бұл туралы ол X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
«Біз балаларға ыңғайлы Baby Grok қосымшасын жасауды қолға аламыз», деді Маск қысқа ғана жазбасында.
Әзірге қосымша туралы толығырақ ақпарат жоқ. Оның қандай функциялары болатыны, балаларға нақты қалай көмектесетіні немесе қашан шығатыны беймәлім. Бірақ атауынан-ақ жобаның бүлдіршіндер мен жасөспірімдерге бағытталғанын аңғаруға болады.
Маскқа тиесілі xAI компаниясы биылғы шілдеде Grok 4 чат-ботын іске қосқан. Бұған дейінгі нұсқасы бірнеше ай бұрын жарық көрген болатын. Демек, компания жасанды интеллект бағытындағы жұмысын қарқынды жалғастырып жатыр деуге негіз бар.
Айта кетсек, бұған дейін Grok чат-боты X платформасында кейбір даулы контентпен байланысты аталды. Bloomberg агенттігі бот антисемиттік сипаттағы жазбалар жариялағанын айтып, қоғамда біраз сынға ұшырағанын хабарлады.