Қазір интернет пен ұялы байланыс күнделікті тұрмыстың ажырамас бөлігіне айналды. Таңертең оянғаннан бастап, кешке дейінгі тіршіліктің дені телефон мен желіге тәуелді. Бірі жұмысын интернет арқылы жүргізсе, енді бірі оқуын, төлемін, байланысын онлайн атқарады. Соған сай қазақстандықтардың байланыс қызметтеріне жұмсайтын шығыны да жылдан-жылға көбейіп келеді, деп жазады Ozgeris.info.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, 2025 жылы ел тұрғындары интернетке, мобильді байланысқа және өзге де телекоммуникация қызметтеріне орта есеппен жылына 43 102 теңге жұмсаған. Бұл айына шамамен 3 592 теңгеден келеді.
Статистикаға сәйкес, байланыс қызметтері қазақстандықтардың жалпы тұтынушылық шығындарының 3,6 пайызын құраған. Яғни, халық табысының елеулі бөлігі интернет пен байланысқа кетіп отыр. Сарапшылар мұны цифрлық қызметтердің өмірдегі маңызының артуымен байланыстырады. Бұрын байланыс негізінен қоңырау шалумен шектелсе, қазір мобильді интернет жұмыс істеу, білім алу, мемлекеттік қызметтерді пайдалану және қаржылық операция жүргізудің басты құралына айналған.
Өңірлер арасындағы айырмашылық та айқын байқалады. Байланыс қызметтеріне ең көп қаржы жұмсайтындар – Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары. Бұл өңірде бір адам жылына орта есеппен 59 844 теңге, яғни айына шамамен 4 990 теңге жұмсайды. Сарапшылар мұны халықтың интернетті белсенді пайдалануымен және байланыс тарифтерінің ерекшелігімен байланыстырады.
Екінші орында Қарағанды облысы тұр. Мұнда тұрғындар байланыс қызметтеріне жылына орта есеппен 57 315 теңге немесе айына 4 776 теңге шығындайды. Ал үшінші орында Алматы қаласы орналасқан. Мегаполис тұрғындары интернет пен мобильді байланысқа жылына шамамен 56 366 теңге, айына 4 697 теңге жұмсайды.
Астанадағы көрсеткіш те жоғары деңгейде қалып отыр. Елорда тұрғындары байланыс қызметтеріне жылына орта есеппен 54 362 теңге немесе айына шамамен 4 530 теңге төлейді. Мамандар ірі қалаларда интернетке тәуелді қызмет түрлері мен онлайн платформалардың көп қолданылуы шығын көлемін арттыратынын айтады.
Ал ең төменгі көрсеткіш Түркістан облысында тіркелген. Бұл өңірде тұрғындар байланыс қызметтеріне жылына орта есеппен 24 176 теңге, яғни, айына шамамен 2 015 теңге жұмсайды. Сарапшылар мұны халық табысының деңгейімен және тұтыну ерекшелігімен байланыстырады.
Айта кетерлігі, бұл есеп жан басына шаққандағы орташа шығын негізінде жасалған. Яғни статистикаға байланыс қызметін тікелей төлемейтін балалар мен қарттар секілді тұрғындар да енгізілген.
Жалпы алғанда, 2025 жылы қазақстандықтардың тұтынушылық шығындары бір адамға шаққанда 1 миллион 292 мың 914 теңгені немесе айына шамамен 107 743 теңгені құраған. Бұл көрсеткіш бір жыл ішінде 10,22 пайызға өскен. Сарапшылардың айтуынша, азық-түлік пен коммуналдық төлемдер ғана емес, байланыс қызметтерінің бағасы да халық шығынына едәуір салмақ түсіріп отыр.
Еске салсақ, бұған дейін Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев ұялы байланыс операторлары тарифтерінің күрт қымбаттағанын айтып, бұл мәселеге мемлекет тарапынан бақылауды күшейтуді ұсынған еді. Оның сөзінше, соңғы уақытта интернет пен байланыс бағасының өсуі халықтың наразылығын туғыза бастаған. Депутат байланыс нарығындағы баға саясаты халықтың төлем қабілетімен санасуы керек екенін атап өтті.