Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев дзюдодан Қытайдың Циндао қаласында өтіп жатқан Гран-при турнирінде ел қоржынына алғашқы жүлдені салды.
66 келіде бақ сынған Ғұсман Қырғызбаев финалда осы салмақтың фавориті, екі дүркін Олимпиада чемпионы, төрт дүркін әлем чемпионы жапониялық Хифуми Абэмен белдесіп, 0:1 есебімен жеңілді.
Финалдық бәсекеге дейін Ғұсман 1/16 финалда моңғолиялық Турболд Тумурхудты, 1/8 финалда черногориялық Джусуф Нурковичті, 1/4 финалда әзербайжандық Руслан Пашаевты, ал 1/2 финалда бразилиялық Рональд Лиманы жеңген.
Айта кетейік, жарыстың алғашқы күнінде ерлерден 60, 66 және әйелдерде 48, 52, 57 келіде жүлделер сарапқа салынған.
Ал бүгінгі жарыстың басты ерекшелігі – Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметовтің араға екі жыл салып татамиге қайта оралуы болды. Алайда ол алғашқы ресми жарысын бесінші орынмен аяқтады.