2026 жылғы 1 сәуірден бастап Грузияда шетел азаматтарының ел аумағында еңбек қызметін жүзеге асыруына қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілі Жанболат Өсенов мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Оның айтуынша, тиісті рұқсатсыз еңбек қызметін жүзеге асыру шетел азаматын Грузия аумағынан шығару негіздерінің қатарына енгізілген.
Қазақстан азаматтары үшін Грузияға визасыз кіру және ел аумағында 365 күнге дейін болу мүмкіндігі сақталады. Алайда визасыз режим елге кіруге және онда болуға құқық бергенімен, автоматты түрде еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсат бермейді.
«Грузияда жұмысқа орналасуды, кәсіпкерлік немесе өзге де ақылы қызметпен айналысуды жоспарлап отырған азаматтарға мұндай қызметті бастамас бұрын Грузия заңнамасында көзделген еңбек қызметін жүзеге асыру құқығының бар-жоғын алдын ала нақтылауды ұсынамыз», – деді Жанболат Өсенов.
СІМ өкілі тиісті рұқсатсыз ақылы еңбек қызметін жүзеге асыру әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін атап өтті. Сонымен қатар шетел азаматы елден шығарылған жағдайда, оның Грузия аумағына қайта кіруіне шектеу қойылуы ықтимал.
Осыған байланысты Сыртқы істер министрлігі азаматтарды Грузияның заңнамасы мен көші-қон талаптарын қатаң сақтауға, сондай-ақ сапарға шығар алдында оның мақсатына қойылатын талаптарды алдын ала нақтылауға шақырады.