Заң бұзушылық

Google мен Apple: Қазақстандықтарға хакерлік шабуылдар қаупі төнуде

Google мен Apple: Қазақстандықтарға хакерлік шабуылдар қаупі төнуде

Apple және Google компаниялары әлемнің түрлі елдеріндегі, соның ішінде Орталық Азиядағы қолданушыларға хакерлік шабуылдар ықтималдылығы жөнінде арнайы ескерту жолдады. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Технологиялық алпауыттар мұндай хабарламаларды пайдаланушыларды цифрлық бақылаудан және мақсатты кибершабуылдардан қорғау мақсатында жіберетінін атап өтті. Компаниялардың мәлімдеуінше, ескертулер кибершабуыл белгілері анықталған жағдайда таратылады.

Apple компаниясы соңғы ескерту толқыны 2 желтоқсанда жолданғанын нақтылады. Алайда компания шабуыл сипаты, зардап шеккен пайдаланушылар саны немесе шабуыл жасаушылар туралы егжей-тегжейлі ақпарат ашқан жоқ. Apple дерегіне сүйенсек, бүгінге дейін 150-ден астам елдің қолданушылары осындай хабарлама алған.

Ал 3 желтоқсанда Google өз кезегінде тыңшылық бағдарламалар арқылы шабуыл жасалған аккаунттар туралы хабарлады. Компания мәліметінше, Intellexa атты шпиондық бағдарлама бірнеше жүз аккаунтқа әсер еткен. Зардап шеккен елдер қатарында Қазақстан, Пәкістан, Ангола, Египет, Өзбекстан, Сауд Арабиясы және Тәжікстан бар.

Google Intellexa компаниясының АҚШ санкцияларына қарамастан қызметін жалғастырып жатқанын атап өтті.

 

Intellexa — 2019 жылы Израильдің әскери барлау қызметінің бұрынғы офицері Тал Дилиан негізін қалаған жеке кибербарлау компаниясы. Ол әсіресе Predator атты тыңшылық бағдарламасымен танымал. Бұл жүйені кейбір мемлекеттік құрылымдар смартфондарды жасырын түрде бақылау үшін қолданады.

Predator бағдарламасы құрылғыға орнатылғаннан кейін — көбіне зиянды онлайн жарнама арқылы — смартфонға толық бақылау жасауға мүмкіндік береді. Тыңшылық бағдарлама Signal мен WhatsApp секілді шифрланған мессенджерлерге қол жеткізе алады, камера мен микрофонды іске қосады, пайдаланушының орналасқан жерін бақылап, құпиясөздерді қолға түсіреді. Барлық бұл әрекет қолданушының хабарынсыз жүзеге асады.

 

 

Барлық жаңалық