Жаңалықтар

Геннадий Головкин маңызды кездесу өткізді

Геннадий Головкин маңызды кездесу өткізді

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Италия Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Антонелло Де Риумен, сондай-ақ коммерциялық істер және мәдениет жөніндегі атташе Сара Менегеттимен кездесті, деп хабарлайды Оzgeris.info.

Италия елшісі Қазақстанда спорт саласының қарқынды дамып келе жатқанын, сондай-ақ көптеген бастамалар мен инвестициялық жобалардың жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Ол италиялық тарап Қазақстандағы спорттық инфрақұрылым мен халықаралық бастамалардың дамуына жақсы таныс екенін, бұл серіктестікті одан әрі нығайтуға негіз болатынын айтты.

Халықаралық спорттық іс-шараларға, оның ішінде алдағы Милан қаласында өтетін Олимпиада ойындарына байланысты мәселелерге ерекше назар аударылды. Тараптар қазақстандық спортшылардың өнерін бірлесіп тамашалауға арналған кеңістік құруды көздейтін талқылады. Қазіргі уақытта жобаның форматтары, өткізу орны мен ұйымдастыру шарттары пысықталу үстінде. 

ҚР ҰОК басшысы конструктивті ынтымақтастық пен қолдау көрсеткені үшін, соның ішінде спортшылар мен делегациялардың визалық мәселелерін шешуге жәрдемдескені үшін Италия елшілігіне алғыс білдірді.

Кездесу соңында Италия елшісі алдағы Олимпиада ойындарында сәттілік тілеп, Италия тарапының Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін растады.

Барлық жаңалық