Қазақстан футбол федерациясы Нидерланд маманы Джон ван ’т Шкиппен ұлттық құраманың бас бапкері қызметінде жұмыс істеу жөнінде келісімге келді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Федерация мәліметінше, маманның кандидатурасы Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне ұсынылған. Енді оның тағайындалуы ҚФФ жарғысына сәйкес федерацияның Атқарушы комитетімен келісілуі тиіс.
Атқарушы комитет отырысынан кейін Джон ван ’т Шкиппен келісімшартқа қол қойылып, тағайындау ресми түрде рәсімделеді.
Джон ван ’т Шкип футболшы ретінде Амстердамның «Аякс» және Италияның «Дженоа» клубтарының намысын қорғаған. Сондай-ақ Нидерланд ұлттық құрамасында өнер көрсетіп, 1988 жылы Еуропа чемпионы атанды.
Маман бапкерлік мансабын «Аякс» жүйесінде бастап, кейін клубтың бас бапкері қызметін де атқарды. Әр жылдары «Твенте», «Зволле», Мексиканың «Гвадалахара» және Аустралияның «Мельбурн Сити» командаларын жаттықтырды. 2016 жылы «Мельбурн Ситимен» бірге Аустралия кубогын жеңіп алды.
Ван ’т Шкиптің ұлттық құрамалармен жұмыс істеу тәжірибесі де бар. Ол бұған дейін Грекия және Армения құрамаларының бас бапкері қызметін атқарған.
Сонымен бірге Қазақстан құрамасының жаңа бапкерлер штабы жасақталды. Бас бапкердің көмекшілері қызметін Нұрбол Жұмасқалиев пен Елдос Ахметов атқарады. Қақпашыларды Юрий Новиков дайындаса, дене даярлығына Вадим Боровский жауап береді. Ал Тимур Құсайынов сарапшы бапкер ретінде штаб құрамына енді.