Қоғам

«Футбол тойынан құр қалдырды»: Халықтың ақшасынан миллиондар бөлінетін ұлттық арна масқара болды

«Футбол тойынан құр қалдырды»: Халықтың ақшасынан миллиондар бөлінетін ұлттық арна масқара болды

Тарихи кездесуді асыға күткен халықтың көңілі су сепкендей басылып қалды. Неге?  Ozgeris.info тілшісі тарқатады. 

Кешегі матчты бүкіл қазақ елі асыға күтті. Стадионға баруға мүмкіндігі жоқ халық теледидарын қосып, дайын отырған. Алайда, ең жауапты кезде қыруар ақша бөлінетін отандық каналдардың масқарасы шықты. Ойын басталған алғашқы минуттарынан-ақ эфир қатып қалып, үзіліп отырды. Кейбір көрермендерге "Сервер табылмады" немесе "Серверден жауап күту уақыты аяқталды" деген хабарламалар шықты. Qazaqstan, Qazsport телеарналарының ресми сайты да ашылмай халықты әуреге салды.

Ашуға булыққан халық наразы пікірлерін әлеуметтік желіде жаппай білдіре бастады. Олар тіпті басшылықтың жұмыстан кетуін де талап етті. 

Осылайша, еліміздің цифрлық даму деңгейі өте аянышты жағдайда екенін байқадық. 

Алматылық «Қайрат» пен мадридтік «Реал» арасындағы тарихи ойынды қазақстандықтар енді ешқашан ұмытпайды. Матч кезінде онлайн-трансляция бірнеше рет үзіліп, көрермендер ойынды толыққанды тамашалай алмады. 

Цифрландыру министрлігі ақталғандай болып, қолданушылардың тым көп болғанын алға тартып отыр. Ал ойын көрсетіліміне тікелей жауапты  «Qazsport» телеарнасы жүктемені көтере алмағандары үшін көрермендерден кешірім сұрады.

“Құрметті көрермен! “Қайрат” – “Реал Мадрид” матчының трансляциясы барысында техникалық ақаулар туындап, көрерменге ойынның онлайн көрсетілімін толық көрсете алмадық. Корпорация матчқа дейін толықтай техникалық дайындық шараларын жүргізді. Серверлердің қуаттылығы әдеттегіден үш есе көбейтіліп, бейне ағынын жеткізу қызметі оңтайландырылды. Алайда матч басталған сәтте туындаған мәселені жедел шешуге тырысқанымызбен, интернет желісіндегі сыртқы қиындықтарға байланысты ақауларды толықтай ретке келтіре алмадық. Қазір мәселеге қатысты кешенді техникалық талдау жүргізіліп жатыр. Туындаған қолайсыздықтар үшін көрерменнен кешірім сұраймыз”, – деп жазды корпорация. 

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев байланыс операторларының дайындығын сынға алды. 

«Мені қатты ашындырады. Стадионға барып көруге азаматтардың барлығының әлеуметтік жағдайы жетпейді. Қаншама мың теңгеге билет сатып ала алмайды. Сондықтан бәріміз үйде көрдік. Тіпті анау қаншама мың теңге төлейтін байланыс операторлары жүктемені ескере отырып, өкінішке орай біздің азаматтарды футбол тойынан құр қалдырды. Бұл қатты қапаландырады», - деп наразылық білдірді.

Халықтың көңілін қалдырған отандық каналдардың бұлай ақталғаны халықтың ренішін баса алмас. Желі қолданушылары ешқандай құрметтің не дайындықтың жоқ екеніне ашулы. 

«Бұл ұлттық арна үшін нағыз масқара», - деп жазып жатыр халық.

Өз елінде футболды көре алмаған жанкүйерлер, шетелдің онлайн көрсетілімдерін тамашалуға мәжбүр болды. Халықтың ақшасынан миллиондар бөлінетін ұлттық арналарымыз осылайша ең жауапты міндеттерін орындай алмады. 

Барлық жаңалық