Спорт

Футбол бизнес құралына айналды: Алматыдағы баға Еуропаны шаң қаптырды

Алматылық «Қайрат» пен мадридтік «Реал» кездеседі деген ақпарат шыққан сәттен бастап елде дүрбелең басталған еді. Ал билеттердің сатылымы тіпті шу шығарды. Осындай тарихи сәтке айналған матч, ертең, 30-қыркүйекте Орталық стадионда өтеді. Осы ретте Ozgeris.info тілшісі билеттердің құнын анықтап білді. 

Елімізде әлемдік футболдың жұлдыздарын көруге ниеттілердің санында шек жоқ екен. Айта кетейік, ежелден аты шыққан ареналардың бірі саналатын Орталық стадион шамамен 23 804 көрерменді сыйдыра алады. Испандық БАҚ құралдарының хабарлауынша, матчты тамашалауға Испаниядан және Еуропаның басқа елдерінен келетін 5 мыңын аса жанкүйер алдын ала орындарды брондап қойған. Тағы 1 мыңға жуық билетті қытайлық жанкүйерлер сатып алған. Бұрынғы КСРО елдерінен келетіндердің саны да жетерлік. 

Билеттердің көпшілік бөлігі VIP-тұлғаларға, демеушілерге және ірі ұлттық компания өкілдеріне тиесілі екен. Сондай-ақ УЕФА-ға берілетін ресми пайызды да ұмытпау қажет.

Қалған бөлігі, яғни стадионның жартысы ашық сатылымға шықты. Ресми емес ақпарат бойынша, сатылым басталар алдында арнайы билет сату сервистеріне  200 мыңнан астам адам кезекке тұрған. Ал шарықтау шегіне жеткен кезде жүйеге бір мезетте 1 миллионнан аса қолданушы қосылыпты. Сол себепті сатылым басталғанда электрондық касса бар-жоғы… 2 минут жұмыс істеген. 

Алтын билеттер…

«Қайрат» пен «Реал» кездесуін тамашалауға ниеттенген жанкүйерлерді тіпті рекордтық бағалар да тоқтата алмады. 

Батыс трибунасы – 30 мың теңге (46 еуро), солтүстік және оңтүстік – 75 мың (117 еуро), шығыс – 150 мың (235 еуро), батыс – 250 мың теңге (389 еуро). 

Айта кетейік, Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде «Қайрат» сырт алаңда төрт кездесу өткізеді. Лиссабонда (1:4 есебімен ұтылыс), Миланда (6 қараша), Копенгагенде (26 қараша) және Лондонда (2026 жылдың 29 қаңтары). Алайда, отандық клубтың шетелдегі ойындарына билеттер өз алаңындағыдан арзан болып отыр.

Ол үшін viagogo.com сайтындағы бағаларды салыстырайық. Бұл АҚШ-та тіркелген әлемдегі ең ірі халықаралық билет алмасу және қайта сату брендтерінің бірі.

«Спортинг» – «Қайрат»: 14 160 – 183 275 теңге (22 - 285 еуро)

«Интер» – «Қайрат»: 21 050 – 217 438 теңге (32 - 338 еуро)

«Копенгаген» – «Қайрат»: 35 546 – 141 407 теңге (55 - 220 еуро)

«Арсенал» – «Қайрат»: 111 822 – 225 573 теңге (174 - 351 еуро)

Орташа көрсеткіш

2025/2026 жылғы маусымда «Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы өз алаңындағы матчтарына сатылатын билеттер туралы тағы бір қызықты дерек бар. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың II тоқсанында Қазақстандағы орташа атаулы жалақы 448 620 теңгені (698 еуро) құрады. Осы қаражатқа ең арзан 15,1 билет немесе ең қымбатынан 1,7 билет сатып алуға болады.

Бұл «Қайрат» өнер көрсететін елдердің ішінде ең төменгісі. VIP-ложаларды жалға алу құны есепке алынбады. Себебі Орталық стадионда олар мүлдем жоқ. Алматыға келген аса мәртебелі қонақтар футболды «үкіметтік трибунадан» тамашалай алады.

Мысалы, Лондондағы Emirates Stadium аренасында элиталық кабиналарды жалға алу бағасы 4808 еуродан басталады.

Қазақстандағы орташа жалақы – 698 еуро

Англиядағы орташа жалақы – 3030 еуро

Португалиядағы орташа жалақы – 1264 еуро

Италиядағы орташа жалақы – 2627 еуро 

Даниядағы орташа жалақы – 5968 еуро

Ақша есепті жақсы көреді

Футболды көруге билет сатып ала алмаған жанкүйерлер жанайқайларын әлеуметтік желіде білдіріп жатыр. Олардың айтуынша, Қайрат өзін «халықтың командасы» деп таныстырады. Ал, ақша мәселесіне келгенде Дон Майкл Корлеоненің атақты «Крестный отец» романының ықпалды мафиоз кейіпкерінің «Артық ештеңе жоқ, тек бизнес» қағидатын ұстанып отырғанын жазуда.

Коммерцияның негізгі заңы – сұраныс ұсынысты тудырады. ФК «Қайрат» мұндай сирек мүмкіндікті толық өз пайдасына жарата білді. 

Республикалық БАҚ-тардың хабарлауынша, мадридтік «Реалмен» болатын алдағы матчтан түскен билет сатылымының табысы 3,53 млрд теңгеге (5,54 млн еуро) жетуі мүмкін. Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі басқа да өз алаңындағы матчтарда (21 қазанда кипрлік «Пафоспен», 9 желтоқсанда гректің «Олимпиакосымен», 2026 жылдың 20 қаңтарында бельгиялық «Брюггемен») аншлаг күтілуде. Осылайша, тек билет сатылымынан-ақ Қазақстан чемпионы 14,12 млрд теңге  жинай алады. Бұған қоса, негізгі кезеңге шығу арқылы қазақстандық клуб 18,62 млн еуро көлемінде бонус алғанын да ұмытпау керек.

Мемлекет басшысы биылғы жолдауында «Отандық футболды коммерцияландыруды жалғастыру қажет» екенін тағы да атап өтті. Алматылық «Қайрат» әлемдегі бірінші ойыннан қалай табыс табуға болатынын өз тәжірибесімен көрсете білді. 

Барлық жаңалық