💰 Экономика

Freedom Bank мыңдаған қазақстандықтың шотын жаппақ. Не болып жатыр?

Freedom Bank мыңдаған қазақстандықтың шотын жаппақ. Не болып жатыр?

Freedom Bank ағымдағы шоттар бойынша бірқатар өзгеріс енгізіп жатқанын хабарлады. Енді банк бір жыл бойы мүлде пайдаланылмаған шоттарды жаба бастайды. Бұл туралы ресми хабарлама банктің сайтында жарияланды, деп жазады Ozgeris.info.

Әңгіме жеке тұлғалардың қарапайым ағымдағы шоттары туралы. Егер шотта (оның ішінде картаға байланған шотта да) 12 ай бойы ақша қозғалысы болмаса, банк алдымен клиентке арнайы ескерту жібереді. Ал сол ескертуден кейін тағы үш ай ішінде ешқандай операция жасалмаса, банк шотты біржақты түрде жабуға құқылы.

Бұл талап жинақ шоттарына немесе зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер мен алиментке арналған шоттарға қатысы жоқ. Тек неактив ағымдағы шоттарға ғана қолданылады.

Банк клиенттерге хабарламаны сайт, БАҚ және бөлімшелер арқылы жеткізетін болады. Сол себепті, егер сіздің бұрын ашылған, бірақ көптен бері қолданбаған шотыңыз болса – назар аударған жөн. Қазір қозғалыс болмаса да, шотты сақтап қалғыңыз келсе, кем дегенде бір операция жасап қойған абзал.

Freedom Bank бұл қадамды заңға және өз ережелеріне сәйкес жасап жатқанын атап өтті. 

Барлық жаңалық