🌐 Әлем

FIFA мен UEFA арасындағы дау: әлемдік футболды кім билейді

FIFA мен UEFA арасындағы дау: әлемдік футболды кім билейді

2026 жылдың 29 шілдесінде ФИФА президенті Джанни Инфантино футбол әлемін дүр сілкіндірген жоспарын жария етті. Ұйым FIFA Forward Enterprise атты 20 миллиард доллар құнындағы еншілес компания құрмақ болды. Бұл компания әлем чемпионаттарын, әйелдер чемпионатын және клубтық әлем чемпионатын коммерциялық басқаруды өз қолына алады, ал оның шамамен 20%-ы жеке инвесторларға сатылмақ, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты. 

Мәміле ФИФА-ға 4,2 миллиард доллар әкелуі тиіс еді, ал басты инвестор ретінде Дональд Трамптың күйеу баласының інісі Джошуа Кушнер құрған Thrive Eternal қоры аталды. Операцияны JP Morgan банкі қамтамасыз етпек.

30 шілде УЕФА-ға мүше барлық 55 ұлттық федерация төтенше онлайн жиналыста осы жоспар күшінде қалғанша ФИФА турнирлерінің ешқайсысына қатыспауға бірауыздан дауыс берді. Қазақстан Футбол Федерациясы да УЕФА құрамында 2002 жылдан бері мүше болғандықтан, бұл бойкотқа автоматты түрде тартылды.

Сол күні КОНКАКАФ та жоспарды қабылдамайтынын мәлімдеп «тиісті рәсімнің болмауын, жасанды түрде қысқартылған мерзімді және тексерудің жоқтығын» сынға алды.

Азия футбол конфедерациясы алғаш рет ашық түрде УЕФА және КОНКАКАФ-пен ынтымақтастығын білдіріп, жобаның басқарудағы түбегейлі кемшіліктерге назар аударды әрі жаһандық шешімдердің жарғылық органдардың мұқият бақылауымен қабылдануын талап етті. Дегенмен азиялық функционерлер толық бойкотты жариялаған жоқ, олар мұндай қадамның футболдың болашағына қауіп төндіретінін ескертіп қана отыр.

31 шілдеде ФИФА-ның президенттік стратегия жөніндегі аға кеңесшісі, бұрынғы АҚШ футбол федерациясының басшысы Карлос Кордейро лауазымынан дереу түрде кетті. Ол бұл мәмілені «ФИФА-ға мүше қауымдастықтар үшін де, футбол үшін де, ойынның ұзақ мерзімді болашағы үшін де нашар келісім» деп атап, өзінің жобаға еш қатысы жоқтығын мәлімдеді.

Сол күні ФИФА ресми мәлімдеме таратып, «футболды ешкім сатпайды» деп, ұлттық федерациялармен консультация процесін жалғастыратынын растады. 211 мүше-федерацияға 19 қыркүйекке дейін шешім қабылдау мерзімі берілген. Жоспарды қолдаса, әр федерация 2027–2030 жылдар циклына 40 миллион долларға дейін алады, ал бас тартса шамамен 10 миллион ғана.

Дау тамырында не жатыр?

1. Ашықтықтың жоқтығы. Бұл жобаның ең көп сынға ұшыраған тұсы оның қалай дайындалғаны. Қауымдастықтар жоспар туралы ресми хабарламадан емес, БАҚ арқылы білді деп мәлімдеді КОНКАКАФ. Кордейро да дәл осыны айтып, шешімнің ашық конкурссыз, бақылау тетіктерін анықтамай, тым қысқа мерзімде небәрі 50 күнде қабылдануға тиіс екенін сынға алды.

2. Қаржылық қысым тәсілі. ФИФА жоспарды қолдаған федерацияларға төрт есе көп қаржы (40 млн доллар), ал қарсы шыққандарға небәрі 10 млн доллар ұсынып отыр. Көп сарапшы мен федерация мұны ашық сатып алу немесе мәжбүрлеу тәсілі ретінде қабылдады.

3. Саяси байланыстар мәселесі. Негізгі инвестор ретінде Джошуа Кушнердің Дональд Трамптың отбасылық ортасына жақын тұлғаның қоры аталуы қоғамдық сенімсіздікті күшейтті. Бұл футболдың ең қомақты активі саяси-қаржылық топтардың ықпалына өтіп кетуі мүмкін деген алаңдаушылық тудырды.

4. «Неге дәл қазір?» деген сұрақ. 2022–2026 жылдар циклы ФИФА-ға 15 миллиард доллардан астам табыс әкелгенін ескерсек, ұйымның сырттан осыншама үлкен инвестиция іздеуінің қисынды негізі көрінбейді. КОНКАКАФ дәл осы сұрақты «тарихтағы ең табысты әлем чемпионатынан кейін сырттан инвестиция неге керек» деп қойды.

5. Басқару моделінің өзгеруі. Мәселе тек ақшада емес. Егер коммерциялық құқықтар жеке компанияға берілсе, футболдың ең үлкен турнирлерін басқару логикасы федерациялардың ұжымдық меншігінен корпоративтік үлестік құрылымға ауысады. УЕФА мұны «ұрпақтар үшін сенімгерлікпен сақталып келе жатқан мұраны сату» ретінде сипаттады.

ФИФА мен УЕФА: неге қақтығыс дәл осылай өрбіді?

Бұл дау жай ғана бір іскери мәміле емес, ФИФА мен УЕФА арасындағы онжылдықтар бойғы құрылымдық қарама-қайшылықтың жаңа шыңы.

ФИФА-да әрбір 211 федерацияның бір дауысы бар Тувалу да, Германия да тең құқылы. Бұл модель африкалық, азиялық және Океания федерацияларының жиынтық санына Инфантиноға тұрақты көпшілік қолдау береді, өйткені олардың саны Еуропадан әлдеқайда көп. Ал іс жүзінде футболдың коммерциялық құнын, ең күшті клубтарды, ең қымбат телеарналар келісімшарттарын және ойыншылар нарығын УЕФА елдері қалыптастырады. Осы алшақтық сандық көпшілік пен нақты экономикалық салмақ арасындағы сәйкессіздік ФИФА басшылығына федерациялар көпшілігінің қолдауымен ірі шешімдерді еуропалық ассоциациялардың келісімінсіз-ақ өткізуге мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары еуропалық федерациялар күнтізбе тығыздығына, клубтық әлем чемпионатының кеңеюіне және Инфантиноның басқару стиліне қатысты бірнеше рет наразылық білдірген. Қазіргі дау осы сенімсіздіктің шарықтау шегі УЕФА алғаш рет барлық 55 мүшесінің толық және бірауызды бойкот шешімін жариялап отыр, бұл бұрын-соңды болмаған қадам.

Кордейро кетуінің символдық салмағы. Мұнда ерекше атап өтетін нәрсе наразылық тек «сырттан» емес, ФИФА-ның ішінен, тікелей Инфантиноның жеке кеңесшісінен келді. Бұл  жоспардың ФИФА басшылығының өз ортасында да толық қолдау таппағанын көрсетеді және ұйым ішінде елеулі бөліну барын аңғартады.

Азияның сақтық позициясы. AFC-нің толық бойкотқа қосылмай, тек алаңдаушылық білдіруі кездейсоқ емес. Азия конфедерациясында федерациялар арасында экономикалық ықпал айырмашылығы үлкен, Жапония, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы сияқты қаржылық тәуелсіз елдер бар болса, көптеген кіші федерациялар ФИФА-ның даму гранттарына қатты тәуелді. Сондықтан AFC ашық қарсылық білдіргенімен, УЕФА секілді түбегейлі бойкот жариялауға саяси-қаржылық еркіндігі жеткіліксіз. Бұл ФИФА-ның «бөліп ал да билей бер» стратегиясының тиімділігін де көрсетеді. Әр федерацияға ұсынылатын қаржылық сыйақы мен тәуекел теңгерімі әртүрлі болғандықтан, әлемдік бірауыздылыққа қол жеткізу қиын.

 

Барлық жаңалық