🤖 Digital

Еуразиялық форумда Қазақстанның AI-статистикасы таныстырылды

Еуразиялық форумда Қазақстанның AI-статистикасы таныстырылды

Астанада өтіп жатқан V Еуразиялық экономикалық форумда Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне қарасты Ұлттық статистика бюросының басшысы Максат Тұрлыбаев ресми статистика саласындағы ауқымды цифрлық өзгерістерді таныстырды, деп жазады Ozgeris.info. 

Форумның «Статистика органдары қызметінде заманауи цифрлық технологияларды қолдану» атты панельдік сессиясында ол жасанды интеллект пен үлкен деректерге негізделген жаңа статистикалық модельдің қалай қалыптасып жатқанын кеңінен баяндады.

Бүгінде цифрландыру тек есеп жүргізу тәсілін емес, статистиканың мазмұны мен қоғам алдындағы рөлін де түбегейлі өзгертіп отыр. Максат Тұрлыбаевтың айтуынша, қазіргі пайдаланушы бірнеше ай күтіп дайын есеп алуға емес, нақты уақытқа жақын режимде жедел әрі терең талдау жасауға бейімделген.

«Қазір статистиканың философиясы өзгеріп жатыр. Пайдаланушылар айлап есеп күткісі келмейді. Олар нақты аналитика мен шынайы көріністі жедел алғысы келеді. Мемлекеттік статистика осы сұранысқа сай болуы керек», деді Максат Тұрлыбаев.

Оның сөзінше, Қазақстанның Ұлттық статистика бюросы жасанды интеллект технологияларын статистикалық жұмыстың барлық кезеңіне енгізіп келеді. Яғни, дерек жинаудан бастап өңдеу, сараптау және пайдаланушылармен байланысқа дейінгі үдерістер толық цифрлық жүйеге көшіп жатыр.

Форумда таныстырылған ең маңызды жобалардың бірі – мобильді позициялау деректерін пайдалану арқылы туристік ағындарды талдау жүйесі болды. Жаңа тәсіл адамдардың нақты қозғалысын, сапар бағытын, белгілі бір өңірде болу ұзақтығын және маусымдық белсенділікті бақылауға мүмкіндік береді. Мұндай жүйе бұрынғыдай тек іріктемелі сауалнамаға сүйенбей, нақты қозғалыс пен экономикалық белсенділікті тікелей талдауға жол ашады.

«Біз іріктемелі бақылаудан нақты экономикалық және әлеуметтік процестерді талдау кезеңіне өтіп жатырмыз. Бұл енді жай статистика емес, қоғам мен экономиканың цифрлық мінез-құлық моделіне айналып келеді», деді Бюро басшысы.

Жиында инфляцияны есептеу кезінде қолданылып жатқан жасанды интеллект жүйесіне де ерекше назар аударылды. Бұрын тұтыну бағалары индексі шамамен 120 мың баға бақылауына сүйеніп есептелсе, қазір жүйе ел бойынша 36,9 миллион баға көрсеткішін талдайды. Мұндай ауқым инфляцияны әлдеқайда дәл әрі тұрақты есептеуге мүмкіндік беріп отыр.

Жасанды интеллект алгоритмдері тауар атауларындағы айырмашылықтарға қарамастан өнімдерді автоматты түрде сәйкестендіріп, топтастырады. Кейбір санаттар бойынша ондаған мың ішкі атау өңделеді. Соның нәтижесінде баға өзгерісінің нақты динамикасы анық көрінеді.

«Бұл инфляцияны өлшеудің мүлде жаңа деңгейі. Жасанды интеллект бізге баға процестерін әлдеқайда дәл, орнықты және жедел талдауға мүмкіндік береді», деді Максат Тұрлыбаев.

2026 жылдың қаңтарынан бастап 75 тауар позициясы бойынша деректер тұтыну бағалары индексін есептеу жүйесіне енгізілген. Сонымен қатар веб-парсинг технологиялары арқылы интернеттегі ашық деректерді пайдалану ауқымы да кеңейіп келеді.

Форум барысында статистикалық ақпаратты пайдаланушыларға арналған жаңа цифрлық сервистер де таныстырылды. Соның бірі – Статистикалық бизнес-тізілімнің аналитикалық чат-боты. Бұл жүйе экономикалық қызмет түрлері, кәсіпорындардың көрсеткіштері мен шағын және орта бизнес субъектілерінің динамикасы жөнінде автоматты түрде сұрау қалыптастырып, жедел жауап береді.

Сонымен бірге Бірыңғай байланыс орталығының AI-инфрақұрылымы да дамып жатыр. Ауыл шаруашылығы санағына дайындық кезінде іске қосылған «Sanaq Myrza» чат-боты алғашқы нәтижесін көрсеткен. Жүйе респонденттердің сұрақтарына автоматты түрде жауап беріп, операторларға түсетін жүктемені едәуір азайтқан.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, цифрландырудың нәтижесінде статистикалық есептілік көлемі респонденттер үшін 30 пайызға қысқарған. Қазір жүйе 36 әкімшілік және төрт баламалы дереккөзден ақпарат жинайды.

«Үлкен деректер мен жасанды интеллект қазіргі мемлекеттің стратегиялық ресурсына айналып келеді. Бүгінде дерекке негізделген мемлекеттік басқарудың жаңа моделі қалыптасып жатыр. Бұл – нақты аналитика мен цифрлық шешімдерге сүйенетін басқару жүйесі», деді Максат Тұрлыбаев.

Айта кетейік, V Еуразиялық экономикалық форум «Еуразиялық экономикалық одақ жаһандық цифрлық бәсекеде: жасанды интеллектке басымдық» тақырыбымен өтіп жатыр. Жиынға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің басшылары, байқаушы мемлекеттердің өкілдері, халықаралық ұйымдар, сарапшылар мен бизнес қауымдастығы қатысуда.

Барлық жаңалық