Жаңалықтар

Еуразиядағы ең биік жанартау атқылай бастады

Камчатка түбегінде орналасқан Ключевский жанартауы белсенді фазаға өтті, деп хабарлайды ozgeris.info сайты MADENIPORTAL.KZ сайтына сілтеме жасап. Геофизик мамандардың айтуынша, жанартау 1952 жылдан бергі ең ірі жер сілкінісінен кейін қайтадан қозғалысқа түскен.

 

Ресей ғылым академиясының Геофизикалық қызметінің аймақтық бөлімшесі лава ағынының Ключевский шоқысының батыс беткейімен төмен қарай ағуын тіркеген. Кратер маңында қызу жарқыл мен жиі жарылыстар байқалып отыр. Сарапшылар кратер ішінде лаваның көп мөлшерде жиналып жатқанын айтып, оның әсерінен жанартау күлі 10 шақырым биіктікке дейін көтерілуі мүмкін екенін ескертеді.

 

Теңіз деңгейінен 4 850 метр биіктікте орналасқан Ключевский шоқысы – Жер бетіндегі ең белсенді жанартаулардың бірі. Ол Петропавл-Камчатка қаласынан шамамен 360 шақырым жерде орналасқан.

 

Қазіргі мәлімет бойынша, табиғи құбылыстан зардап шеккендер жоқ. Дегенмен Курил аралдары маңында төрт цунами толқыны байқалып, бұл құбылыс Жапония, Қытай, Гавай аралдары, Чили, Эквадор, Перу мен Мексика жағалауларына да әсер етуі мүмкін деген қауіп бар.

Барлық жаңалық