Жаңалықтар

"Еститін мемлекет" пен халықты жалғайтын көпір: Айбек Дәдебай съезд қорытындысын жариялады

"Еститін мемлекет" пен халықты жалғайтын көпір: Айбек Дәдебай съезд қорытындысын жариялады

«Әділет» партиясының II съезінде ұйым төрағасы Айбек Дәдебай қорытынды сөз сөйлеп, жиында қабылданған шешімдердің ел тарихындағы маңызына кеңінен тоқталды. Ол «Amanat» партиясының «Әділетке» қосылуын еліміздің саяси тарихындағы жаңа кезеңнің басталуы деп бағалады, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Партия жетекшісінің айтуынша, бұл қадам екі ұйымның жай ғана күш біріктіруі емес. Бұл – мемлекет пен қоғам мүддесін, ел болашағын жеке амбициялардан жоғары қоя білген прогрессивті әрі реформашыл күштердің ортақ мақсатқа жұмылуы. Ол мұны қоғамдық сананың жетілгенін көрсететін маңызды белгі деп атады.

Съезд барысында «Әділет» партиясының өңірлік филиалдарын құру туралы шешім қабылданып, тиісті ережелер бекітілді. Айбек Дәдебай жаңа сапаға ие болып, биікке көтерілген саяси ұйым Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған реформалардың және жаңа Конституцияның шын мәніндегі саяси тірегіне айналғанын ерекше атап өтті.

Ендігі басты міндет – халықтың сенімін ақтап, заң үстемдігін іс жүзінде орнату. Партия төрағасы алдағы уақытта ұйым қатарына мыңдаған жаңа мүше қабылданып, еліміздің әр ауылы мен ауданында «Әділетті Қазақстан» идеясы кеңінен насихатталатынын жеткізді. Осылайша, ұйым халықтың үні мен «еститін мемлекетті» жалғайтын сенімді құрылымға айналмақ.

Сөз соңында Айбек Дәдебай жиналғандарды Тәуелсіз Қазақстанға қызмет етуді өмірлік мұрат еткен нағыз патриоттар деп атап, «Біздің күшіміз – бірлікте!» деген ұранмен ел дамуы жолындағы ортақ жеңіске сенім білдірді.

Барлық жаңалық